«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы қырықыншы онлайн отырыс өтті. Отырыста экспорттық шығындарды өтеу тетіктері және отандық өндірушілерді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттауға даярлау мүмкіндіктері қарастырылды.
Экспорттаушылардың шығындарын өтеу мәселесі бойынша «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Экспорттаушылардың шығыстарын өтеу департаментінің бас менеджері Әсел Монтаева баяндама жасады.
Қолдау тетігі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты құжаттармен расталған шығындардың бір бөлігін өтеуді көздейді. Өтелетін шығындар қатарына өнімді теміржол, автомобиль, теңіз және әуе көлігімен тасымалдау, жарнама, көрмелерге қатысу, шетелдегі филиалдарды ұстау, тауар белгілерін тіркеу, электрондық сауда алаңдарына орналастыру, сондай-ақ кәсіпорындар мен тауарларды сертификаттау шығындары кіреді.
Өтемақы мөлшері шығындар санатына, өнімді өңдеу деңгейіне және бизнестің көлеміне байланысты белгіленеді. Шығындарды өтеудің шекті мөлшері көлік шығындары бойынша 75 000 АЕК-ке дейін, ал өнімді ілгерілету шығындары бойынша 13 000 АЕК-ке дейін жетеді. Қолдауға ие болу үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өтінім беріп, жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет.
Отырыстың екінші тақырыбы кәсіпорындарды халықаралық сертификаттауға даярлау мәселесіне арналды. «Bureau Veritas Kazakhstan» ЖШС-нің Қазақстандағы сертификаттау бөлімінің басшысы Дархан Арғынбаев компанияның осы бағыттағы қызмет көрсету мүмкіндіктерін таныстырды.
Bureau Veritas менеджмент жүйелерін, оның ішінде сапа менеджменті, қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігі салаларындағы жүйелерді сертификаттау, аудит жүргізу және оқыту қызметтерін ұсынады. Қарастырылған стандарттар қатарында ISO 9001, ISO 14001 және ISO 45001 бар. Сертификаттауға даярлық кәсіпорындарға қолданыстағы басқару жүйелерін бағалауға, қажетті іс-шараларды айқындауға және ұйым процестеріне қойылатын талаптарды анықтауға мүмкіндік береді.
Отырысқа қатысушылар экспорттаушыларды қолдау тетіктері мен халықаралық сертификаттауға даярлау қызметтері туралы ақпарат алды. Бұл бағыттар сыртқы нарықтардағы қатысу аясын кеңейтуге, тапсырыс берушілердің талаптарына сәйкестігін растауға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылатын отандық өндірушілер үшін маңызды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы сала қатысушыларын қолжетімді қолдау шаралары мен өндірісті дамыту мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру мақсатында бейінді ұйымдармен және кәсіпорындармен өзара іс-қимылды жалғастыруда.