«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы жиырма бесінші онлайн-отырыс өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдауымен әзірленген BusinessGO цифрлық экожүйесінің таныстырылымы болды.
BusinessGO жобасының менеджері Замира Зикеева қатысушыларға бизнесті жүргізуге арналған негізгі цифрлық сервистерді бір кеңістікте біріктіретін платформаның мүмкіндіктерін таныстырды. Экожүйе фискалдық есепке алу, онлайн-кассалар, тауарлық қорларды басқару, талдау, өнімді таңбалауды тексеру, Tax Free рәсімдеу және бизнес-процестерді автоматтандыруға қажетті өзге де құралдарды қамтиды.
Бірыңғай цифрлық платформаны пайдалану кәсіпорындарға әртүрлі ақпараттық жүйелерді енгізу мен сүйемелдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға, бизнесті басқаруды жеңілдетуге, сатудың тиімділігін арттыруға және бірыңғай техникалық қолдау орталығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық шешімдерді дамыту кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыруға және мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе өндірістік кәсіпорындарды тиімді басқарудың заманауи тәсілдерін талқылауға арналды.
«Директорлар мектебінің» бас директоры Владимир Иванов тұрақсыз нарық пен ресурстардың шектеулі жағдайында өндірісті тиімді басқару жүйесін қалыптастырудың тәжірибелік құралдарын таныстырды. Басқару моделін таңдау, өндірістік кәсіпорындарды ауқымдау, қолмен басқарудан жүйелі бизнес-процестерге көшу, сондай-ақ компанияның даму кезеңінде басшының рөлін өзгерту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында заманауи басқару тәсілдері мен цифрлық технологияларды енгізу кәсіпорындардың өнімділігін, тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі екені атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар практикалық тәжірибе алмасудың, цифрлық шешімдерді енгізудің және басқарушылық құзыреттерді жетілдірудің отандық машина жасауды одан әрі дамытудың маңызды шарттары екенін атап өтті.