26.11.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында B2B-сатылымдарды дамыту мәселелері талқыланып, «Квант» Қызылорда механикалық зауыты» өнімдері таныстырылды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы 44-онлайн отырыс өтті. Кездесу барысында машина жасау саласындағы коммерциялық құзыреттерді дамыту, жүйелі B2B-сатылым тәсілдері және отандық өндірістің мүмкіндіктері талқыланды.

«Машина жасау саласындағы жүйелі B2B-сатылымдар: коммерциялық құзыреттерді дамыту және ірі келісімшарттарға шығу» тақырыбында «ДНК Продаж» компаниясының директоры Зарина Кеңесқанова баяндама жасады.

Баяндама барысында корпоративтік тапсырыс берушілермен жұмыс істеу ерекшеліктері, жүйелі сатылымдарды ұйымдастыру, менеджерлердің тиімділігін арттыру және клиенттермен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнату мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ B2B сегментіндегі бәсекелестік, баға қысымы, клиенттік базамен жұмыс істеу және өткізу арналарының дамуы секілді өзекті мәселелерге назар аударылды.

Отырыстың екінші бөлімі «Квант» Қызылорда механикалық зауыты» ЖШС таныстырылымына арналды. Кәсіпорын директоры Жаңабай Бекішев зауыттың өндірістік мүмкіндіктерін, өнім түрлерін және негізгі қызмет бағыттарын таныстырды.

Кәсіпорын 1998 жылдан бері Қызылорда қаласында жұмыс істейді. Өндірістік аумағы 5,6 гектарды құрайды, ал металл өңдеу цехтарының жалпы ауданы шамамен 8 мың шаршы метр. Зауытта металл өңдеудің токарьлық және фрезерлік жұмыстардан бастап, ию, штамптау және дәнекерлеуге дейінгі кең ауқымын орындауға мүмкіндік беретін 150-ден астам станок пен өндірістік жабдық бар.

Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жүк көтергіш және технологиялық жабдықтарды жобалау мен өндіру. Зауыт көпірлі, мосылы, жартылай мосылы және консольді-бұрылмалы крандар, жүк қармау механизмдері, тасымалдау арбалары, дәнекерлеу айналдырғыштары, сондай-ақ кран конструкцияларының жекелеген элементтерін шығарады.

Сонымен қатар кәсіпорын гидротехникалық құрылыстарға арналған жабдықтарды, оның ішінде қалқанды ысырмалар, бұрандалы және арқанды көтергіштер, суарқалықтар өндіреді. Бұйымдар техникалық құжаттама мен тапсырыс берушілердің талаптарына сәйкес, соның ішінде агрессивті орта әсеріне төзімді материалдарды пайдалана отырып жасалады.

Зауыттың өндірістік мүмкіндіктеріне металл конструкцияларын, тапсырыс берушінің сызбалары мен эскиздері бойынша стандартты емес бұйымдарды дайындау, сондай-ақ оттегі, азот, аргон, көмірқышқыл газы және басқа да техникалық газдарды өндіру кіреді.

Отырысқа қатысушылар кәсіпорынның қызмет бағыттарымен, өндірістік базасымен және өнеркәсіптік компанияларға арналған жеке тапсырыстарды орындау мүмкіндіктерімен танысты.

Мұндай онлайн-кездесулер кәсіпорындар арасында тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды дамытуға және отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге ықпал етеді. Сонымен қатар сала қатысушыларына ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге және ірі келісімшарттарға шығуға жол ашады.


«Квант» Қызылорда механикалық зауыты» ЖШС  презентациясы