13.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағында атом энергетикасы жобаларындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері талқыланды

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы жиырма тоғызыншы онлайн-отырыс өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы отандық өндірушілердің атом электр станцияларын салу жобаларын іске асыруға қатысуы және атом саласындағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері болды.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жергілікті қамтуды мониторингілеу орталығының бас менеджері Мейір Маратов қазақстандық өндірушілерді АЭС салу жобаларын іске асыруға тартудың жоспарланып отырған тетіктері туралы айтып берді.

Қазіргі уақытта АЭС-ті жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі EPC-келісімшартты жасасу мәселесі соңғы кезеңде тұр. EPC-келісімшарт аясында жергілікті қамту бойынша жеке қосымшаны келісу көзделген. Аталған қосымша қазақстандық өндірушілерді тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жеткізушілерінің тізіліміне енгізу үшін оларды іріктеу және бағалау рәсімдерін, офтейк-келісімшарттар жасасуды, жаңа өндірістер құруды, технологиялар трансферін және мердігердің сатып алу рәсімдерінде жергілікті қамту талаптарын қолдануды реттейді.

Атом саласына арналған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жеткізушілерінің тізілімін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Әзірленген қағидалар жобасы кәсіпорындарды тізілімге енгізудің кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын рәсімін қарастырады: өтінім беру, өтініш берушіні цифрлық тексеру, растайтын құжаттарды ұсыну, материалдарды қарау және көшпелі техникалық аудит жүргізу.

Техникалық аудитті тапсырыс беруші мен мердігер өкілдерінің бірлесіп жүргізуі жоспарлануда. Оның аясында аудиторлық қорытынды жасалып, соның негізінде кәсіпорынды жеткізушілер тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданады.

Жеткізушілер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларының жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған. Алдағы уақытта тізілімді жүргізуге арналған ақпараттық жүйе – веб-портал әзірлеу жоспарлануда.

Сондай-ақ қатысушыларға Қазақстан Республикасының атом саласына арналған 2026–2030 жылдарға өндірісті жергіліктендіруді дамытудың Кешенді жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген жоспар төрт негізгі бағытты қамтиды: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, жобалардың қажеттілігін айқындау және отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін талдау, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндірістер құру, сондай-ақ цифрлық платформаларды енгізу.

Кешенді жоспарды әзірлеуге «Атамекен» ҚР ҰКП және Қазақстан машина жасаушыларының одағы өкілдері қатысты.

EPC-келісімшарт жасалғаннан кейін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге алдын ала қажеттілік туралы ақпарат алу күтілуде. Оның негізінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, «Атамекен» ҚР ҰКП-мен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп отандық өндірушілердің мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі.

Сонымен қатар қыркүйек айында мердігер мен тапсырыс беруші өкілдерінің қатысуымен өңірлерге жұмыс сапарларын ұйымдастыру жоспарлануда. Сапарлар аясында қазақстандық кәсіпорындарға бару және біліктілік аудитіне дайындық бойынша ұсынымдар беру көзделген.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов атом энергетикасы бағытының отандық машина жасауды дамыту үшін перспективалы екенін атап өтті.

«Қазақстандық кәсіпорындардың атом энергетикасы жобаларына қатысуы өндірісті дамытуға, технологиялық ынтымақтастықты жолға қоюға және жаңа құзыреттер қалыптастыруға тың мүмкіндіктер ашады. Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы ұсынымдарының бірі атом энергетикасы үшін білікті жеткізушілер тізілімін қалыптастыру болды. Отандық кәсіпорындардың ірі жобалардың талаптарына алдын ала дайындалу мүмкіндігі болуы маңызды», – деді Ерқанат Мақанов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «ПКФ «Ульба-Электро» ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктерін таныстыруға арналды.

Кәсіпорынның сату бөлімінің басшысы Наталья Богомолова сорғы және электротехникалық жабдықтарды әзірлеуге және өндіруге маманданған компанияның өнімдері мен өндірістік мүмкіндіктерін таныстырды.

Кәсіпорын 2006 жылдан бері жұмыс істейді және жобалау мен дайындаудан бастап жабдықтарды жинақтау мен сынауға дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады. Өскемен қаласындағы өндірістік алаң заманауи жабдықтармен және СББ жүйесімен басқарылатын металл өңдеу станоктарымен жабдықталған.

«ПКФ «Ульба-Электро» өнімдері тау-кен, металлургия, уран өндіру, химия өнеркәсібінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, жылу энергетикасында, құрылыста және басқа да салаларда қолданылады.

Кәсіпорынның бәсекелестік артықшылықтарының бірі – өнімділігі сағатына 2 500 м³-ге дейін жететін, сорғы жабдықтарын кешенді гидравликалық сынақтан өткізуге арналған жеке сынақ станциясының болуы. Ол сорғылардың өнімділігін, қысымын, герметикалығын және басқа да негізгі сипаттамаларын нақты пайдалану жағдайларына жақын ортада тексеруге мүмкіндік береді.

Презентация барысында кәсіпорынның өндірістік кооперация, сервистік сүйемелдеу және кешенді инженерлік шешімдер әзірлеу салаларындағы мүмкіндіктері де таныстырылды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы сала кәсіпорындарын әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талаптар, біліктілік рәсімдеріне қатысу мүмкіндіктері және атом энергетикасы жобаларының қажеттіліктері туралы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастырады.

«ПКФ «Ульба-Электро» ЖШС презентациясы