Қазақстан машина жасаушыларының одағы алаңында өңірлік өкілдер мен салалық серіктестердің қатысуымен ағымдағы жылдың 1-ші онлайн-отырысы өтті. Кездесу барысында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері қаралып, отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін іске қосу барысы талқыланды.
«Астана электротехникалық зауыты» (АЭТЗ) ЖШС қызметі туралы кәсіпорынның бас директоры Асқар Сыздықов баяндама жасады.
«Бүгінде АЭТЗ – жобалаудан бастап электр жабдықтарын 0,4-тен 110 кВ-қа дейінгі кернеуде монтаждауға дейінгі толық аяқталған кешенді шешімдерді ұсынатын кәсіпорын. Біз өнеркәсіптік кооперацияға басымдық беріп, отандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз», – деді Асқар Сыздықов.
Астана электротехникалық зауыты Қазақстандағы электротехникалық жабдықтар өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Кәсіпорынның өндірістік алаңы 15 500 шаршы метрді құрайды, қызметкерлер саны 270-тен астам жоғары білікті маманды қамтиды. Қызмет ету барысында азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы нысандар үшін 2 600-ден астам жоба іске асырылған.
Зауыт өнімдерінің ассортименті кең: түрлі үлгідегі жинақты трансформаторлық қосалқы станциялар, кірме-тарату құрылғылары, жоғары кернеулі камералар, төмен кернеулі жинақты құрылғылар, тарату шкафтары, релелік қорғау және автоматика бұйымдары. АЭТЗ өнімдері тұрғын үй құрылысы, энергетика, өнеркәсіп, тау-кен өндіру саласы және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады.
Кәсіпорын еліміздің жетекші компанияларымен, оның ішінде BI Group, BAZIS-A, Kazakhmys, KAZ Minerals және АгромашХолдинг KZ компанияларымен ынтымақтастық орнатқан.
Сондай-ақ, отырыс аясында қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысын бастау мәселесі қаралды. Бұл жөнінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы менеджері, Машина жасау саласы бойынша салалық комиссия жұмысына қатысып жүрген Марат Мусин баяндама жасады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда қарауға 800-ден астам өтінім қабылданған. Алайда өтінімдер бойынша уәжді бас тарту функционалы әлі де жетілдіру сатысында тұр, бұл уәкілетті органмен қосымша өзара іс-қимылды талап етеді.
«Құжаттар пакетін толық ұсынбау және өндірістік процесті бейнефиксациялау бөлігінде көптеген ескертулер тіркелуде. Бұл мәселелер әдістемелік түсіндіру мен рәсімдерді қосымша реттеуді қажет етеді», – деп атап өтті Марат Мусин.
Отырысқа қатысушылар кәсіпорындарға түсетін әкімшілік жүктемені азайту және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Тізілімнің жұмыс тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы уәкілетті органмен және салалық қоғамдастықпен бірлесіп, Тізілім рәсімдерін жетілдіру және отандық өндірушілер үшін барынша ашық әрі қолайлы құрал қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
«Астана электротехникалық зауыты» ЖШС презентациясы