02.07.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Жалпы жиналысында 2025 жылғы қызмет қорытындылары бекітілді

2026 жылғы 2 шілдеде «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Жалпы жиналысы қатысушыларының отырысы өтті. Жиын барысында Одақтың 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым жұмыс бағыттары айқындалды.

Жалпы жиналысқа шешуші дауыс құқығына ие 36 қатысушының 30-ы қатысты. Оның ішінде 16 қатысушы офлайн форматта, 14 қатысушы онлайн форматта қатысты.

Жалпы жиналысқа қатысушылар 2025 жылдың Одақ қызметі туралы есепті және Тексеру комиссиясының есебін бекітті. Сонымен қатар Үйлестіру кеңесі мен Жалпы жиналыс құрамын өзектендіру, Тексеру комиссиясының қазіргі құрамының өкілеттігін ұзарту туралы шешімдер қабылданды.

Жиынды аша отырып, Одақ Басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев машина жасау саласы елдің өңдеуші өнеркәсібі құрылымындағы жетекші орындардың бірін сақтап отырғанын атап өтті.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша машина жасау өнімдерінің өндіріс көлемі шамамен 5,7 трлн теңгені құрады, нақты көлем индексі – 112,9%, ал өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 19%. Сонымен қатар отандық өндірісті одан әрі дамыту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және қазақстандық тауар өндірушілердің ірі тапсырыс берушілердің сатып алуларына қатысуын кеңейту міндеттері өзекті болып қала береді», – деді Мейрам Пішембаев.

Одақ Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков отандық машина жасауды дамыту бағытында атқарылған жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндады. Қазақстан Республикасының Үкіметімен, Парламентімен және мемлекеттік органдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, ел ішіндегі құндылық тетіктерін кеңейтуге, офтейк-келісімшарттарды жетілдіруге және кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігін ынталандыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданғанын атап өтті.

Талғат Базарбеков Мемлекет басшысы 2026 жылғы 24 маусымда қол қойған Қазақстан Республикасының машина жасау мәселелері жөніндегі Заңына енгізілген түзетулерді әзірлеуге Одақтың қатысуына жеке тоқталды.

«Сенаттың Жобалық кеңсесі жанындағы машина жасау саласын дамыту жөніндегі жұмыс тобы аясында Одақ Парламент депутаттарымен, мемлекеттік органдармен және сала өкілдерімен бірлесіп отандық өндірісті дамытуға, кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және өндірістік кооперацияны кеңейтуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді», – деді Талғат Базарбеков.

Оның айтуынша, қабылданған Заң өнеркәсіптік кластерлерді дамытуға, арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруге, өндірісті жергіліктендіруді кеңейтуге, ел ішіндегі құндылықты дамытуға және отандық тауар өндірушілердің ірі тапсырыс берушілердің сатып алуларына қатысу деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шараларды көздейді.

Баяндама барысында Одақтың 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, Қазақстан машина жасаушыларының форумдары ұсынымдарын орындау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, экспортты қолдау, кадрлар даярлау, импортты алмастыру тетіктерін ілгерілету және өндірістік кооперацияны кеңейту бағыттарындағы жұмысының нәтижелері ұсынылды.

Сондай-ақ 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Басым бағыттардың қатарында Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары іс-шараларын одан әрі іске асыру, машина жасау мәселелері жөніндегі заңда көзделген нормаларды іске асыруға жәрдемдесу, импортты алмастыру және ел ішіндегі құндылық тетіктерін дамыту, өнеркәсіптік роботтандыруды енгізу және инвестициялар тарту бар.

Одақтың Тексеру комиссиясының төрағасы Айбек Қажкенов 2025 жылға арналған Одақтың қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген тексерудің қорытындылары туралы есепті ұсынды. Тексеру комиссиясының қорытындысына сәйкес, Одақтың қызметі Жарғы талаптарына сәйкес жүзеге асырылатыны, қаржылық құжаттаманың белгіленген тәртіппен жүргізілетіні және қаражаттың мақсатты түрде пайдаланылатыны расталды.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Одақтың алқалы органдарының құрамын өзектендіру және Жалпы жиналыс құрамына енгізілетін өзгерістер бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Қарау қорытындысы бойынша қатысушылар Үйлестіру кеңесінің құрамына енгізілетін өзгерістерді қолдап, Тексеру комиссиясының қолданыстағы құрамының өкілеттігін ұзартты, сондай-ақ Жалпы жиналысқа қатысушылар құрамына енгізілген өзгерістерді бекітті. Қабылданған шешімдер Одақ қызметінің тиімділігін арттыруға және саланың белсенді кәсіпорындарының Одақ жұмысындағы рөлін күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.

Талқылау барысында Жалпы жиналысқа қатысушылар Одақ қызметіне оң баға беріп, саланы одан әрі дамыту және ұйым жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Одақ қызметінің нәтижелеріне жоғары баға беріп, даму институттарымен өзара іс-қимылды жолға қою, саланы қаржыландыру мәселелерін пысықтау және машина жасау кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды ерекше атап өтті.

Жалпы жиналыстың мүшесі, «Format Mach Company» ЖШС директоры Александр Янбулатов импортты алмастыруды дамыту және ірі тапсырыс берушілермен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы Одақ жұмысының нақты нәтижелеріне тоқталды.

«Біздің кәсіпорынның мысалында бұл жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Одақтың қолдауымен ірі тапсырыс берушілермен, соның ішінде ERG компаниясымен келісімшарттар жасалды», – деді ол.

Атап айтқанда, ERG компаниясы мен «Format Mach Company» ЖШС арасында тау-кен жабдықтары мен теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша 11 млрд теңге сомасына офтейк-келісімшарт жасалды.

Одақтың өңірлік өкілі, «МЭР» ЖШС директоры Аман Акинов Одақ Жарғысына енгізілген, өңірлік өкілдердің Жалпы жиналыс жұмысына кеңесші дауыс құқығымен қатысуын көздейтін өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл өңір кәсіпорындарының мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға, өндірістік алаңдармен кері байланысты нығайтуға және өңірлік бизнестің Одақ қызметіне қатысу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы жиналыстың мүшесі, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС бас директоры Асқар Сыздықов Жалпы жиналыс құрамында саланы дамытуға және Одақ қызметіне белсенді қатысатын кәсіпорындар ұсынылуы тиіс екенін атап өтті.

Жалпы жиналыстың мүшесі, «АЗТМ» АҚ бас директоры Есет Дүйсенов Үйлестіру кеңесінің мемлекеттік органдар мен ірі тапсырыс берушілердің қатысуымен салалық мәселелерді бірлесіп талқылайтын маңызды алаң ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

Талқылауға сондай-ақ Жалпы жиналыстың мүшесі, «Инкар-1» ЖШС директоры Қуандық Нүрпейісов, Одақтың өңірлік өкілі, «Karlscrona LC AB» ЖШС директоры Талғат Алпысбаев, Жалпы жиналыстың мүшесі, «Келет» АҚ директоры Александр Папп, Жалпы жиналыстың мүшесі, «Бёмер Арматура Қазақстан» ЖШС бас директоры Андреас Кефер, Жалпы жиналыстың мүшесі, «Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев қатысып, Одақ қызметін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Жалпы жиналысқа қатысушылар отандық машина жасауды дамыту, ел ішіндегі құндылықты кеңейту, өндірістік кооперацияны нығайту және қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.