Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендигалиев Түркістан облысында жұмыс кездесулерін өткізіп, машина жасауды дамыту, өнеркәсіптік кооперация және өңір кәсіпорындарының Одақ қызметіне қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.
Жұмыс сапары аясында Махамбет Мендигалиев толық өндірістік циклі бар агротехнологиялық жабдықтар мен суару жүйелерін шығаратын жетекші қазақстандық өндірушілердің бірі – «BNK Group» ЖШС-не барып, сондай-ақ индустриялық аймақтың қызметімен танысты.
«BNK Group» ЖШС бас директоры Ниязали Бейсенбаев Қазақстан машина жасаушыларының одағы Түркістан облысындағы өңірлік өкілі болып табылады.
Кездесу барысында кәсіпорынды дамытудың өзекті мәселелері, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту және машина жасау саласының басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл келешегі талқыланды.
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында да жеке кездесу өтті. Келіссөздерге Палата директоры Асылан Ибадуллаев және экономика мәселелері жөніндегі директордың орынбасары Бақытжан Құралбаев қатысты.
Одақ өкілі оның негізгі қызмет бағыттары, отандық өндірушілерді қолдау тетіктері және кәсіпорындардың саланың шоғырландырылған ұстанымын қалыптастыруға қатысу мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Кездесу барысында Одақтың Түркістан облысымен ынтымақтастығының келешектеріне және өңір кәсіпорындары арасынан жаңа қатысушыларды тартуға ерекше назар аударылды.
«Одақ үшін өңірлердегі кәсіпорындармен тікелей тұрақты байланыс орнату маңызды. Нақты бизнес қажеттіліктері, шешуді талап ететін мәселелер және кооперацияны дамыту мүмкіндіктері дәл осы жерде айқындалады. Біз Түркістан облысының кәсіпорындары Одақтың жұмысына белсендірек қатысып, олардың ұсыныстары саланың ортақ күн тәртібінен көрініс тапқанына мүдделіміз», – деп атап өтті Махамбет Мендигалиев.
Бүгінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы 700-ден астам отандық машина жасау кәсіпорнын, салалық қауымдастықтар мен ұлттық компанияларды біріктіреді. Өңірлермен тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Одақта 21 өңірлік өкіл жұмыс істейді.
Одақ мемлекеттік органдармен, Құрылтаймен, квазимемлекеттік сектормен, даму институттарымен және ірі тапсырыс берушілермен өзара іс-қимыл барысында сала кәсіпорындарының мүдделерін білдіріп, қорғайды. Негізгі бағыттардың қатарында заңнама мен нормативтік базаны жетілдіру, елішілік құндылықты дамыту, отандық өндірушілерді сатып алуларда қолдау, өнеркәсіптік кооперация, кадрлар даярлау, роботтандыру және экспорттық әлеуетті дамыту бар.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы өңірлермен өзара іс-қимылды нығайту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және машина жасау саласын одан әрі дамыту мақсатында отандық өндірушілердің ұсыныстарын шоғырландыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.