Астанада отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың «QazaqGaz» ҰК» АҚ сатып алуларына қатысуын кеңейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға QazaqGaz, Қазақстан машина жасаушыларының одағы, ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Атамекен» ҰКП, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар ел ішіндегі құндылықты дамыту, отандық машина жасау өнімдерін жеткізу көлемін кеңейту мүмкіндіктері және қазақстандық өндірушілердің сатып алу рәсімдеріне қатысуына әсер ететін өзекті мәселелерді талқылады.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов бүгінде сала 5 мыңнан астам кәсіпорынды біріктіретінін, 37 кіші саланы қамтитынын және өңдеу өнеркәсібінің шамамен 20%-ын қалыптастыратынын атап өтті. 2026 жылдың 8 айында машина жасау өнімдерінің өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2%-ға өсті.
QazaqGaz-бен ынтымақтастықтың нәтижелеріне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары отандық машина жасау кәсіпорындарымен:
- 2024 жылы – жалпы сомасы 5 млрд теңгеге 45 офтейк-келісімшарт;
- 2025 жылы – жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге 37 офтейк-келісімшарт;
- 2026 жылдың 8 айында – жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 20 офтейк-келісімшарт жасалды.
Еншілес ұйымдарға өнім жеткізу бойынша офтейк-келісімшарттар жасасқан кәсіпорындардың қатарында шарлы крандар шығаратын «Бёмер Арматура», қысым түрлендіргіштерін өндіретін KMG Automation, оқшаулағыштар шығаратын AKP group және басқа да отандық өндірушілер бар.
Іс-шараның практикалық нәтижелерінің бірі – отандық тауар өндірушілермен жаңа келісімдердің жасалуы болды. Атап айтқанда, «PRODCORE» ЖШС-мен газ айдау агрегаттарын автоматты басқару жүйелерін жеткізуге 408 млн теңге сомасына және «Zhaik Electric» ЖШС-мен дәнекерлеу агрегаттарын жеткізуге 43,93 млн теңге сомасына офтейк-келісімшарттар жасалды. Жасалған офтейк-келісімшарттардың жалпы сомасы 451,93 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС-мен – газ қысымын реттегіштерді, «Қазақстандық металл конструкциялар зауыты» ЖШС-мен – тез ажыратылатын құрылғыларды және «ТЭМПО – Қазақстан» ЖШС-мен – болат құбырларды жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Сонымен бірге дөңгелек үстелге қатысушылар бірлесіп одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында инфляциялық өзгерістерді ескермейтін сатып алу бағалары, сатып алынатын өнім көлемі, сондай-ақ мердігер ұйымдар орындайтын жұмыстар құрамында тауарларды сатып алу мәселелері бар. Одақ бұл мәселелерді ірі тапсырыс берушілермен одан әрі өзара іс-қимыл аясында реттеуге болатынын атап өтті.
«Біз «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның ел ішіндегі құндылықты дамытуға басымдықты күшейтуге деген ұмтылысын қолдаймыз және өз тарапымыздан қойылған мақсаттарға бірлесіп қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық өнім номенклатурасын кеңейту, импортты алмастыратын өнімдерді шығара алатын әлеуетті өндірушілерді іздеу және қазақстандық кәсіпорындардың жеткізу тізбектеріне неғұрлым белсенді қатысуына жағдай жасау мақсатында QazaqGaz және басқа да ірі тапсырыс берушілермен өзара іс-қимылды жалғастырады.