15.01.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы мұнай-газ операторларымен ынтымақтастықты нығайтуда

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен салалық серіктестердің қатысуымен 2026 жылдың екінші онлайн-отырысы өтті.

Кездесудің негізгі тақырыптары мұнай-газ машина жасау саласында жергілікті қамтуды дамыту және Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына дайындық болды.

«Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығы» қауымдастығының (IMB орталығы) бас директордың орынбасары Ибраһим Аманқұлов ұйымның қызметі туралы баяндап, оның Қазақстан Республикасы Үкіметінің және еліміздің ірі мұнай-газ операторларының бастамасымен құрылғанын атап өтті. Аталған ұйым отандық өндірісті дамытуға, жергіліктендіруді ынталандыруға және қазақстандық өнім үлесін арттыруға бағытталған.

«Біздің миссиямыз – мұнай-газ секторының ірі операторларын Қазақстанның машина жасау саласымен байланыстыра отырып, өндірушілердің мүмкіндіктері мен операторлардың қажеттіліктерін талдау, сондай-ақ отандық жабдық өндірісін дамытуға және сатып алулардағы жергілікті қамтуды арттыруға жәрдемдесу», – деді Ибраһим Аманқұлов.


IMB орталығы 600-ден астам отандық өндірушінің қызметін талдап, көптеген кәсіпорындарда халықаралық сертификаттардың болмауы жүйелі мәселе екенін анықтады. Сертификаттаудың жоғары құны, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың төмен шегі өндірушілерді халықаралық сертификаттаудан өтуге ынталандырмады.

Осы мәселені шешу мақсатында IMB орталығы Қазақстан машина жасаушыларының одағымен бірлесіп сертификаттау шығындарын өтеу шегін 5 есеге – 3 мың АЕК-тен 15 мың АЕК-ке дейін арттырды.

Бұл шара мемлекеттік қолдау тетігінің тартымдылығын айтарлықтай арттырып, отандық өндірушілердің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар IMB орталығы мұнай-газ кен орындары операторларының қажеттіліктеріне қатысты 115 мыңнан астам тауарлық позицияны талдап, жоғары сұранысқа ие 100-ден астам тауар түрін және операторлардың сұранысын қанағаттандыруға қабілетті 50-ден астам өндірушіні анықтады.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов 2026 жылғы 2–3 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының тқжырымдамасы туралы баяндады.

«Форум – мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді өзара іс-қимылға арналған бірегей диалог алаңы. Биыл форумға 20-дан астам елден 1000-нан астам қатысушы келеді деп күтілуде», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.


Форум бағдарламасында саланы дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, шетелдік серіктестердің рөлі, роботтандыру мен цифрландыру үрдістері, сондай-ақ машина жасау саласына кадр даярлау мәселелері талқыланады. Базалық өндірістерді дамытуға, теміржол, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау, тау-кен металлургия кешеніне арналған машина жасау және «жасыл» энергетика жобаларына ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ, Форум аясында 2026 жылғы 1–3 сәуір аралығында «EXPO» Халықаралық көрме орталығында «Kazakhstan Machinery Fair 2026» халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеде қазақстандық және шетелдік машина жасаушылар өз өнімдері мен ең жаңа әзірлемелерін ұсынады.


«Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығы» қауымдастығының презентациясы