24.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы ҚМГ сатып алуларына отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту шараларын ұсынды

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да машина жасау саласының отандық тауар өндірушілерімен өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар қазақстандық кәсіпорындардың ҚМГ компаниялар тобының сатып алуларына қатысуы, елішілік құндылықты дамыту және импортты алмастыру мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шараға Қазақстан машина жасаушыларының одағы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарының, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов саланың ұстанымын таныстырып, Одақтың атқарған жұмысы туралы және қазіргі уақытта отандық өндірушілердің ҚМГ сатып алуларына неғұрлым кең көлемде қатысуын тежеп отырған негізгі мәселелерді атап өтті.

Ерқанат Мақановтың айтуынша, отандық машина жасаудың мұнай-газ саласына өнім жеткізуді кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар мұнай-газ секторы компаниялары сұранысқа ие жабдықтарды, құрамдас бөлшектер мен қосалқы бөлшектерді өндіруге қажетті құзыреттер мен өндірістік мүмкіндіктерге ие.

Сұранысқа ие негізгі бағыттардың қатарында бекіту-реттеу арматурасы, сорғы және жылу алмастырғыш жабдықтар, металл конструкциялар, кен орындары мен мұнай өңдеу кәсіпорындарында пайдаланылатын жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектер мен құрамдас бөлшектер бар.

ҚМГ еншілес ұйымдарының сатып алуларына отандық тауар өндірушілердің қатысуын кеңейту мақсатында Одақ пен компания жаңа импортты алмастыратын өнім түрлерін игеру және офтейк-келісімшарттар тетіктерін дамыту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

2026 жылғы шілдеде ҚМГ импортты алмастыруға арналған тауарлардың жаңартылған пулын ұсынды. Одақ сала кәсіпорындарымен бірлесіп, ұсынылған номенклатураны игеру мүмкіндіктеріне талдау жүргізуде. Бұл ретте машина жасау өнімдері пулдағы тауар позицияларының жалпы санының 67%-ын құрайды. Машина жасау кәсіпорындарының ұсыныстарын ҚазМұнайГазға тамыз айының соңына дейін ұсыну жоспарлануда.

Кездесу барысында отандық өндірушілердің ҚМГ сатып алуларына қатысу көрсеткіштері де таныстырылды. 2025 жылы сатып алынған тауарлардағы елішілік құндылықтың үлесі 46%-ды құрады, жалпы сомасы 16 млрд теңгеге 124 офтейк-келісімшарт жасалды. 2026 жылдың алты айында елішілік құндылықтың үлесі 50%-ға жетіп, жалпы сомасы 16,4 млрд теңгеге 47 офтейк-келісімшарт жасалды.

Дөңгелек үстелге дайындық аясында Одақ отандық тауар өндірушілер арасында жедел сауалнама жүргізіп, 45 сұрақ жинады. Олар жеті негізгі бағыт бойынша жүйелендірілді.

Олардың қатарында баға белгілеу, біліктілік талаптары, өнімді жеткізу мерзімдері, мердігерлердегі елішілік құндылықты бақылау, отандық тауар өндірушілердің жобалау кезеңіне қатысуы, ҚМГ еншілес ұйымдарының сатып алуларына қолжетімділік, сұранысты ұзақ мерзімді жоспарлау және өндірісті жергіліктендіру мәселелері бар.

Атап айтқанда, кәсіпорындар сатып алудың жоспарлы құны отандық өнімнің сапасы мен өзіндік құнындағы айырмашылықтарды ескерместен, импорттық аналогтарға немесе делдалдардың бағаларына бағдарланып қалыптасатын жағдайларға назар аударуда. Сондай-ақ жеткізу мерзімдерін белгілеу кезінде өндірістік циклді ескеру қажеттігі атап өтіледі.

Жекелеген мәселелер блогы отандық өндірушілерді біліктіліктен өткізуге қатысты. Одақ тапсырыс беруші тарапынан кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін тексеруді күшейтуді, оның ішінде өндірістік қуаттарға аудит жүргізуді ұсынады. Бұл әлеуетті жеткізушілерді бағалаудың объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – отандық өндірушілердің жобалау кезеңіне қатысуы. Кәсіпорындардың пікірінше, отандық тауар өндірушілерді жобалаудың бастапқы кезеңдеріне тарту техникалық тапсырмаларды қалыптастыру және болашақ жобаларға арналған жабдықтарды айқындау кезінде қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін ескеруге мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді келешекте машина жасаушыларға сұраныстың барынша болжамды болуы қажет. ҚМГ еншілес ұйымдарының алдағы қажеттіліктері туралы ақпараттың болуы кәсіпорындарға өндірістік қуаттардың жүктемесін, шикізат сатып алуды, қызметкерлер санын және жаңа өнім түрлерін игеруге бағытталған инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Одақ жұмыстар мен қызметтер құрамында отандық өнімді сатып алуға да ерекше назар аударуды ұсынды. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің 61-бабының 10-1-тармағын іске асыру маңызды құрал болуы мүмкін. Аталған норма жұмыстар мен қызметтердің белгілі бір түрлері бойынша тауарларды отандық тауар өндірушілерден сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Белгіленген мәселелер шешілетін және одан әрі өзара іс-қимыл аясында реттелуі мүмкін деп есептейміз. Отандық өндірушілерді тек сатып алу кезеңінде ғана емес, техникалық талаптарды қалыптастыру және жобаларды жоспарлау кезеңінде де жұмысқа тарту маңызды. Бұл қазақстандық машина жасаудың өндірістік әлеуетін тиімдірек пайдалануға және локализацияны кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.

Өз кезегінде ҚМГ импортты алмастыру және отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Импортты алмастыру бойынша бекітілген бағдарламалардан бөлек, біз заңнамалық және әдістемелік базаны жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, тиісті бастамалар ұсынып келеміз. «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан біздің әдістемелік ұсыныстарымыз қолдау тапты. Бұл жұмыстың түпкі мақсаты – қазақстандық кәсіпорындар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Сатып алу және жабдықтау департаментінің директоры Бахтияр Исаев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар көтерілген мәселелерді одан әрі бірлесіп пысықтаудың және ҚМГ тобының сатып алуларына отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту бойынша практикалық шешімдер іздеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы импортты алмастыруды, өндірістік кооперацияны дамыту және машина жасау саласындағы отандық өнімнің үлесін арттыру мақсатында ҚазМұнайГазбен, мемлекеттік органдармен және отандық кәсіпорындармен өзара іс-қимылды жалғастырады.


Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ