12.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен SLV M-V неміс институты дәнекерлеу технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады

Қазақстан машина жасаушыларының одағында Мекленбург – Алдыңғы Померания жерінің Дәнекерлеу техникасы бойынша оқу-зерттеу институтының (SLV M-V GmbH, Германия) өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар дәнекерлеу технологиялары, мамандарды даярлау және дәнекерлеу өндірісінің сапасын арттыру салаларындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.

Кездесуге Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, Қазақстан өнеркәсіпті дамыту институтының директоры Марат Ыдырысов және SLV M-V өкілдері қатысты.

Келіссөз барысында неміс тарапы институттың қызметі, негізгі жұмыс бағыттары және Қазақстанның машина жасау саласының кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері туралы таныстырды. SLV M-V қызметінің негізгі бағыттарының бірі – IIW, EWF және DVS халықаралық бағдарламалары бойынша инженерлік-техникалық мамандарды даярлау. Институтта халықаралық дәнекерлеу инженері (IWE), халықаралық дәнекерлеу өндірісінің технологы (IWT) және халықаралық дәнекерлеу өндірісінің маманы (IWS) біліктіліктері бойынша даярлау бағдарламалары іске асырылады.

Кездесу барысында машина жасау саласы үшін тәжірибеге бағдарланған кадрлар даярлауды дамытудың маңыздылығы да атап өтілді. Қазақстанда шамамен он жыл бұрын енгізілген қосарлы білім беру жүйесі оқу орнындағы теориялық дайындық пен өндірістегі тікелей тәжірибелік оқытуды ұштастыруды қамтамасыз етеді.

«Қосарлы жүйе студентке өндірісті жай ғана көруге емес, оның бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Жастардың практикалық оқуға қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз, ал кәсіпорындар студенттерді тәжірибеден өткізуге және оларды даярлауға көбірек инвестиция салуға дайын», – деді Талғат Базарбеков.

Машина жасау саласына мамандар даярлау жөніндегі жол картасы Қазақстан машина жасаушыларының одағы Оқу-ағарту министрлігімен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, сондай-ақ сала кәсіпорындарымен тығыз ынтымақтастығы аясында әзірленді. Қазіргі уақытта қосарлы оқыту тәсілдерін жаңарту бойынша пилоттық жобалар Қостанай, Көкшетау және Петропавл қалаларында жүзеге асырылуда.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар 2026 жылғы қыркүйекте машина жасау саласының кәсіпорындары үшін «Дәнекерлеуді үйлестіру: мамандардың құзыреттілігінен бәсекеге қабілетті өндіріске дейін» тақырыбында техникалық вебинар өткізуді жоспарлады.

Вебинар кәсіпорын басшыларына, техникалық директорларға, бас инженерлерге, өндіріс басшыларына, бас дәнекерлеушілерге, технологтарға, сапа жөніндегі мамандарға және дәнекерлеу өндірісін ұйымдастыру мен бақылауға жауапты қызметкерлерге арналған.

Іс-шара аясында дәнекерлеу өндірісін ұйымдастырудың тәжірибелік мәселелері, дәнекерлеуді үйлестіру саласындағы мамандардың құзыретіне қойылатын талаптар, сапаны қамтамасыз ету және халықаралық стандарттардың талаптарын орындау мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ қатысушыларға дәнекерлеу өндірісінің тиімділігін арттыру бойынша халықаралық тәжірибе мен тәсілдер ұсынылады.

Вебинар өткізу Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен SLV M-V арасындағы өзара іс-қимылды дамытудың алғашқы тәжірибелік қадамы болады. Алдағы уақытта тараптар мамандарды даярлау және қазақстандық кәсіпорындарға халықаралық кәсіби тәжірибеге қолжетімділікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруда.

SLV M-V презентациясы