Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін Еуропаның жетекші компанияларының бірі – JOSKIN компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесуге JOSKIN компаниясының коммерциялық директоры Франсис Виртс, сату бөлімінің ассистенті Инесса Мурзинова, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің техникалық жарақтандыру басқармасының бас сарапшысы Марат Сәдуов қатысты.
Кездесу барысында JOSKIN компаниясының өкілдері кәсіпорынның қызметі, өндірістік қуаттары және ауыл шаруашылығы техникасының өнім желісі туралы таныстырып, халықаралық нарықтағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісті.
JOSKIN – органикалық тыңайтқыштарды енгізуге және ауыл шаруашылығы жүктерін тасымалдауға арналған техниканы өндіретін Еуропадағы жетекші компаниялардың бірі. Компания әлемдік нарықта 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Оның Бельгия, Франция, Польша және Люксембургте өндірістік алаңдары орналасқан, шамамен 1000 қызметкері бар және өнімдері әлемнің 60-тан астам еліне экспортталады.
Өз кезегінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков қонақтарды отандық машина жасаудың әлеуетімен, әлемдік брендтердің техникасын жергіліктендірудің табысты тәжірибесімен және қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастық мүмкіндіктерімен таныстырды.
«Қазақстан ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемдік жетекші компаниялармен табысты ынтымақтастық тәжірибесіне ие. Бүгінде елімізде CLAAS, Deutz-Fahr, Zoomlion сияқты халықаралық брендтердің техникасы жергіліктендіріліп өндірілуде, құрамдас бөлшектер өндірісін жергіліктендіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ John Deere компаниясының қатысуымен жаңа инвестициялық жобалар іске асырылуда. Бұл отандық машина жасаудың жоғары әлеуетін және халықаралық өндірушілер үшін Қазақстанның тартымды екенін көрсетеді. Қазақстан машина жасаушыларының одағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және заманауи технологияларды енгізу мақсатында шетелдік өндірушілер, отандық кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар арасындағы серіктестікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деді Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.
Сонымен қатар JOSKIN компаниясының өкілдеріне Қазақстан машина жасаушыларының одағы қызметі таныстырылды. Оның ішінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен жаңа серіктестерді тартуға арналған негізгі салалық алаңдар – жыл сайын өткізілетін Қазақстан машина жасаушыларының форумы мен Kazakhstan Machinery Fair халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ақпарат берілді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің техникалық жарақтандыру басқармасының бас сарапшысы Марат Сәдуов кездесуге қатысушыларды агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы хабардар етті.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық кәсіпорындарды әлемдік озық технологиялармен таныстыруды жалғастырып, саланы жаңғыртуға және өндірістік кооперацияны кеңейтуге бағытталған халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал етуде.
Кездесу шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компания, отандық кәсіпорындар және бейінді мемлекеттік органдар арасындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық келешегін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.