Бұған дейін жасалған келісімдердің аясында Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен итальяндық Italy4Trade International SRL компаниясы өнеркәсіптік кооперация, технологиялар алмасу және кадрлар даярлау салаларында серіктестікті дамыту ниеттерін растады.
Тараптар қазақстандық және итальяндық кәсіпорындар арасында бірқатар онлайн B2B-кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстандық машина жасау кәсіпорындары технологиялар, жабдықтар, өндірістік желілер мен шикізат бойынша сұраныстар жолдай алады, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру мүмкіндіктерін талқылай алады.
2025 жылдың қараша айында Italy4Trade International SRL делегациясының Қазақстанға сапары жоспарланған. Сапар барысында отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті таныстырылып, келіссөздер мен презентациялар өтеді.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде қазақстандық мамандарға арналған 7–14 күндік арнайы тағылымдамалар мен оқыту бағдарламалары Италияда ұйымдастырылмақ. Бағдарламалар Italy4Trade компаниясының серіктестерімен бірлесіп, өндірістік зертханалар мен оқу орталықтарының базасында өткізіледі.
Сонымен қатар, 2026 жылы қазақстандық компаниялар Милан мен Болоньяда өтетін металл өңдеу, өндірістік автоматтандыру, роботтандыру және жоғары технологиялық жабдықтарға арналған халықаралық көрмелерге қатыса алады.
Келіссөздер барысында Италияда «Made with Italy and Kazakhstan» атты бизнес-хаб пен итало-қазақ сатып алу офисін құру мәселесі де талқыланды. Бұл платформа қазақстандық кәсіпорындарды еуропалық нарықтарға шығаруға және халықаралық жобаларды дамытуға бағытталады.
Italy4East Internationalization бағдарламасы аясында итальяндық тарап төрт жетекші компанияның шешімдерін таныстырды:
SALA Srl Brescia – автокөлік, аэроғарыш және газ өнеркәсібінде қолданылатын жоғары дәлдікті токарьлық жабдық өндіруші. 1950 жылы негізі қаланған компания 24 елде 500-ден астам станок орнатып, инновациялық шешімдерімен танымал.
Сайт
SAIP EQUIPMENT – полиуретанды өңдеу және сэндвич-панельдер, тоңазытқыш жүйелер мен оқшауланған құбырлар өндіру бойынша қондырғылар жасаушы. 1978 жылдан бері компания экологиялық және технологиялық тұрғыдан жетілдірілген шешімдер ұсынады.
Сайт
Oxyturbo S.p.A. – қысым реттегіштер мен өнеркәсіптік газдарға арналған жабдықтар өндіретін жетекші компания.
Сайт
SIAL SAFETY – өнеркәсіптік қауіпсіздік және сейсмикалық бейімделу саласында маманданған кеңес беру және техникалық қызмет көрсету компаниясы.
Сайт
Қазақстан үшін бұл ынтымақтастық еуропалық заманауи технологияларға қол жеткізуді, сондай-ақ отандық өндірістерді жаңғырту мен экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы атап өткендей, халықаралық байланыстарды дамыту мен технологиялық тәжірибе алмасу – бұл елдің өнеркәсіптік серіктестігін нығайтудың және Қазақстанды жаһандық өндірістік экожүйеге біріктірудің маңызды қадамы.
Қызығушылық танытқан кәсіпорындар Қазақстан машина жасаушыларының одағына хабарласып, бірлескен жобаларға қатысуға, итальяндық компаниялармен тікелей байланыс орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік ала алады.