05.09.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен Иран Елшілігі машина жасау саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында атқарушы дирекция директоры Талғат Базарбеков Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі бөлім басшысы Сейед Мохаммад Хоссейни және Елшіліктің бірінші хатшысы, экономикалық мәселелер жөніндегі бөлімнің сарапшысы Мостафа Хоссейн Задемен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар машина жасау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, Қазақстан мен Иран кәсіпорындарының кооперация келешегін, сондай-ақ импортты алмастыру бағдарламасы аясында бірлескен өндірістерді дамыту мәселелерін талқылады.

Талғат Базарбеков Қазақстан мен Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері бола отырып, машина жасау саласында өзара іс-қимылды дамытуға зор әлеуетке ие екенін атап өтті:

«Біз екі елдің кәсіпорындары арасындағы байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан машина жасаушыларының одағы шетелдік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл жасауда және бүгінде Еуропа мен Азияның 11 машина жасау қауымдастығымен тұрақты байланыс орнатқан. Біз Ирандағы ұқсас құрылымдармен де осындай ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Бүгінгі кездесу одан әрі жақындасуға серпін беретініне сенімдімін», – деді ол.

Кездесуде бірлескен кәсіпорындарды құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар бар және өндірісті жергілікті жерде дамытуға бірқатар преференциялар қарастырылған. Сәтті жүзеге асқан жобалардың мысалы ретінде Алматыдағы көпбрендті автозауыт (Қытай, Astana Motors), Қостанайдағы жаңартылған Kia K5 моделін шығару (Оңтүстік Корея, Allur Group), Астанадағы электровоздар өндірісі (Франция, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС), сондай-ақ локомотив шығару жобасы (АҚШ, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) келтірілді.

Мұндай жобалар халықаралық серіктестіктің тиімділігін көрсетіп, ықтимал Қазақстан-Иран бастамалары үшін үлгі бола алады.

Талғат Базарбеков ирандық компанияларды 2026 жылғы 1–3 сәуірде Астанада өтетін Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына және Kazakhstan Machinery Fair халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Сейед Мохаммад Хоссейни Одақ қызметімен танысу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, ирандық тараптың серіктестік орнатуға мүдделі екенін растады.

«Біз Қазақстан машина жасаушыларының одағы қызметімен жақынырақ танысқымыз келді. Ынтымақтастығымыздың өзара тиімді боларына сенімдіміз. Алғашқы қадам ретінде 2025 жылдың қазан айының басында Қазақстан мен Иран компаниялары арасында онлайн-конференция өткізуді ұсынамыз», – деп атап өтті ол.

Келіссөздер Қазақстан мен Иран арасында машина жасау саласында берік іскерлік байланыстар орнатудың маңызды қадамы болды. Тараптар диалогты жалғастыруға және кооперацияны әрі бірлестіктер деңгейінде, әрі нақты кәсіпорындар арасында дамытуға уағдаласты.