19.12.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен CCPIT машина жасау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

2025 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен Қытайдың Халықаралық сауданы дамыту жөніндегі кеңесінің (CCPIT) Машина жасау комитеті өкілдерінің онлайн-кездесуі өтті.

Келіссөздерге қазақстандық тараптан Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов және Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков қатысты. Қытай тарапынан CCPIT Машина жасау комитетінің вице-президенті Чжоу Хайминь және Комитеттің атқарушы директоры Леон Жанг қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты Қазақстан мен Қытайдың машина жасау кәсіпорындары арасындағы практикалық ынтымақтастықты тереңдету, іскерлік байланыстарды кеңейту, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, өндірісті жергіліктендіру және технологиялар трансферті бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау болды.

Кездесу барысында тараптар серіктестікті жүйелі түрде дамытуға өзара мүдделілігін растады және бұрын қол қойылған өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жоспарына қол қою туралы уағдаласты. Жұмыс жоспары B2B-кездесулер ұйымдастыруды, делегациялармен алмасуды және компаниялардың екі ел нарықтарына шығуына жәрдемдесуді қамтиды.

Сондай-ақ алдағы салалық іс-шараларға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап 2026 жылғы 1–3 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Қазақстан машина жасаушыларының форумы және Kazakhstan Machinery Fair халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ақпарат ұсынды. Қытай тарапы аталған іс-шараларға қатысуға және қытайлық машина жасау компанияларын тартуға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы машина жасау саласындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, одан әрі тұрақты негізде практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.