Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ отандық өнімді игеру және қазақстандық кәсіпорындардың атом өнеркәсібіндегі сатып алуларға қатысуын кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруда.
«Қазатомөнеркәсіп» – отандық өнімді игеру бойынша Одаққа мүше кәсіпорындармен жүйелі түрде ынтымақтастық орнатып келе жатқан алғашқы ұлттық компаниялардың бірі. 2024 жылы Одақ пен компания ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, импортты алмастыру жобаларын іске асыру және офтейк-келісімшарттар жасасу бойынша Жұмыс тобын құрды.
Отандық өндірушілердің компанияның сатып алуларына қатысуын кеңейтуге және импортты алмастыру тетіктерін одан әрі дамытуға арналған дөңгелек үстел барысында Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов отандық машина жасаудың әлеуеті мен бірлескен жұмыстың нәтижелерін таныстырды.
Іс-шараға Қазақстан машина жасаушыларының одағы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдардың және отандық тауар өндірушілердің өкілдері қатысты.
Бүгінде Қазақстанның машина жасау саласы 5 мыңнан астам кәсіпорынды біріктіріп, 37 кіші саланы қамтиды, ал оның өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі шамамен 20%-ды құрайды. 2026 жылдың 7 айында өндіріс көлемі 3,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті.
Одақ пен «Қазатомөнеркәсіп» арасындағы ынтымақтастықтың практикалық бағыттарының бірі – кәсіпорындармен импортты алмастыруға арналған тауарлар пулы бойынша бірлескен жұмыс.
2024 жылдан 2026 жылдың 7 айына дейін отандық кәсіпорындар Қазақстанда игеру жоспарланған 130 тауар позициясы бойынша өз ұсыныстарын ұсынды. 2024 жылы 1,7 млрд теңге сомасына 42 позиция бойынша, 2025 жылы 1,5 млрд теңге сомасына 55 позиция бойынша, ал 2026 жылдың 7 айында 15 млрд теңге сомасына 33 позиция бойынша ұсыныстар берілді. Отандық өндірушілерді тарту жұмысы жалғасуда.
Бұл жұмыс құралдарының бірі – тікелей кәсіпорындармен танысу. Одақтың қолдауымен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының еншілес ұйымдарының өкілдері машина жасау кәсіпорындарының өндірістік алаңдарына барды. Мұндай кездесулер компаниялардың өндірістік мүмкіндіктерін бағалауға, техникалық талаптар мен жаңа өнімді игеру кезеңдерін талқылауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде отандық өндірушілер де «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының еншілес ұйымдарының өндірістік алаңдарында болды.
Бұл жұмыстың нәтижелерінің бірі – отандық өндірушілер мен «Қазатомөнеркәсіп» тобының компаниялары арасында офтейк-келісімшарттардың жасалуы.
2023 жылы мұндай келісімшарттар төрт отандық өндіруші – «Элтекс Алатау», «Корпорация Связь», «KARLSKRONA LC AB» және «Машзауыт» кәсіпорындарымен жасалды.
2024 жылы келісімшарттар алты кәсіпорынмен, оның ішінде «Уральскагрореммаш» және «KMG Automation» компанияларымен жасалды.
Ең ірі келісімшарт «Уральскагрореммаш» ЖШС-нің «Торгово-транспортная компания» ЖШС және «KAP Logistics» ЖШС-мен жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын жартылай тіркемелі цистерналарды жеткізу туралы келісімшарты болды.
2025 жылы офтейк-келісімшарттар тағы жеті отандық өндірушімен, ал 2026 жылдың 7 айында үш кәсіпорынмен жасалды: «Уральскагрореммаш», «Азия Строй Сервис Групп» және «Машзауыт».
Сонымен қатар отандық өндірушілердің қатысуын одан әрі кеңейту бірқатар жүйелі мәселелерді шешуді талап етеді. Олардың қатарында техникалық құжаттаманың толық болмауы, Таза импорт тауарлары пулындағы жекелеген позициялар көлемінің аздығы, шикізат пен материалдар құнының өзгеруін ескермейтін сатып алу бағалары, сондай-ақ мердігер ұйымдар орындайтын жұмыстар мен қызметтер құрамында отандық тауарларды сатып алу мәселелері бар.
Осы мәселелерді шешу үшін Одақ сатып алу бағаларын инфляция мен шикізат құнының нақты динамикасын ескере отырып қайта қарауды, импортты алмастыруға арналған тауарлар пулындағы машина жасау өнімдерінің тізбесін кеңейтуді, сондай-ақ отандық өндіріс тауарларын жұмыстар құрамынан бөліп, жеке лоттарға шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
«Біз «Қазатомөнеркәсіптің» елішілік құндылықты дамытуға баса назар аударуға ұмтылысын қолдаймыз және өз тарапымыздан қойылған мақсаттарға бірлесіп қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.
Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Сатып алулар департаментінің директоры Ғалымжан Бегімов отандық жеткізушілер базасын дамыту компанияның өндірістік процестерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
«Импортты алмастыруды біз шетелдік өнімді отандық өніммен жай ғана алмастыру ретінде қарастырмаймыз. Бұл – жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және өнім түрлерін кеңейтуге бағытталған кешенді процесс. Негізгі міндет – жергілікті өндірушілердің тұрақты дамуына жағдай жасау және оларға ынтымақтастықтың түсінікті әрі ұзақ мерзімді перспективаларын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Ғалымжан Бегімов.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар отандық кәсіпорындардың сатып алуларға қатысуын кеңейту, жаңа өнім түрлерін игеру және өнеркәсіптік кооперация тетіктерін дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.