02.09.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Маңғыстау облысының машина жасау кәсіпорындарымен кездесулер өткізді

29 тамызда Ақтау қаласында Маңғыстау облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік машина жасау кәсіпорындарының 20-дан астам өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында Одақтың қызметі ұсынылып, саланы дамытудың негізгі мәселелері – кәсіпорындарды отандық шикізатпен және материалдармен қамтамасыз ету, кадрлар даярлау, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу, өндірісті жергіліктендіру, сондай-ақ ірі компаниялармен және жер қойнауын пайдаланушылармен кооперация перспективалары талқыланды.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Едіге Мамашпен және «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының Басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Досановпен жұмыс кездесу өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Одақ пен аумағында бүгінде 28 кәсіпорын жұмыс істейтін «Ақтау теңіз порты» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Маңғыстау облысы мұнай-газ секторын және жалпы өнеркәсіпті қамтамасыз етуде машина жасау маңызды рөл атқаратын елдің стратегиялық өңірлерінің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның машина жасау саласында 4000-нан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорын бар, онда 120 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді, оның шеңберінде Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында үш пилоттық жоба іске асырылуда.

Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамтуды 60%-ға дейін арттыру, офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін 10%-ға дейін кеңейту.

Бүгінгі таңда Одақ мемлекеттік органдармен белсенді өзара іс-қимыл жасай отырып, бірқатар маңызды бастамаларды іске асырды: жаңа Салық кодексінде ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру, ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу, кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, стандартталмаған тауарларды сатып алу мүмкіндігін болдырмау, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу.

Одақтың атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков мұндай өңірлік кездесулер кәсіпорындарды «алғашқы ауыздан» естуге және бірлесіп шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті:

«Біздің міндетіміз – жергілікті кәсіпорындармен жүйелі диалог құру. Өңірлерде негізгі өндірістік қуаттар қалыптасуда және Одақ бизнес пен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын», - деп атап өтті Талғат Базарбеков.

Одақтың атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиев Маңғыстау облысы кәсіпорындарының ұсыныстары Одақтың одан әрі жұмысында ескеріліп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты.

Кездесулер қорытындысы бойынша өңірдің машина жасау кәсіпорындарын қолдау және сала мүдделерін республикалық деңгейде ілгерілету жөніндегі жүйелі жұмыстың қажеттілігі туралы түсінікке қол жеткізілді.

Одақтың таяудағы жоспарларында – Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумын ұйымдастыру және өткізу, Сенат жанындағы жобалау кеңсесінің жұмыс тобы шеңберінде бастамаларды іске асыру, 2024-2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының іс-шараларын орындау жөніндегі жұмысты жалғастыру.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Одақ Алматы қаласы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және басқа да облыстардың кәсіпорындарымен осындай кездесулер өткізген болатын.