26.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Ұлытау облысының кәсіпорындарымен машина жасауды дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан машина жасаушыларының одағы өкілдері Ұлытау облысына жұмыс сапарын ұйымдастырып, оның аясында өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, машина жасауды дамыту, өнеркәсіптік кооперация және отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылады.

Жұмыс сапарына Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков және Атқарушы дирекция директорының орынбасары Махамбет Мендигалиев қатысты.

Сапар аясында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженовамен кездесу өтті. Одақ өкілдері сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі сегменттерінде жұмыс істейтін өңір кәсіпорындарын аралады.

Одақ өкілдері танысқан кәсіпорындардың бірі – сүзгілер мен сүзгі элементтерін өндіруге маманданған «Қазтехфильтр» ЖШС. Кәсіпорын басшылығымен өткен кездесуде өндірісті дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Сондай-ақ Одақ өкілдері мыс созба сымын өндіруге маманданған «Қазкат» зауытында болды. Кәсіпорын басшылығымен кездесуде өндірісті дамыту және өндірістік тізбектің басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Жұмыс сапарының тағы бір нысаны – тау-кен жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, сондай-ақ тау-кен және технологиялық жабдықтарға қызмет көрсету мен жөндеуге және тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарына сервистік қызмет көрсетуге маманданған «Рудсервис» ЖШС болды.

Кездесулер барысында отандық өндірушілердің ірі өнеркәсіптік жобаларға қатысуын кеңейту, локализацияны дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және қазақстандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Өңірлік кездесулер кәсіпорындардың нақты жұмыс жағдайларымен танысуға және олардың мәселелерін тікелей басшыларымен талқылауға мүмкіндік береді. Одақ үшін бұл жұмыстың маңызды бөлігі. Біз кәсіпорындардың ұсыныстарын жинақтап, саланың шоғырландырылған ұстанымын қалыптастырамыз және мемлекеттік органдармен әрі ірі тапсырыс берушілермен бірлесіп, мәселелерді шешу жолдарын іздейміз», – деп атап өтті Талғат Базарбеков.

Бүгінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы 700-ден астам отандық машина жасау кәсіпорнын, бейінді қауымдастықтар мен ұлттық компанияларды біріктіреді және оның 21 өңірде өкілі бар. Одақтың негізгі міндеттерінің бірі – машина жасау өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерін шоғырландыру, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны дамыту.

Жұмыс сапары барысында Одақ өкілдері Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен өңдеу өнеркәсібі бойынша салалық кеңестің отырысына қатысып, өңір әкімдігінде жұмыс кездесуін өткізді.

Одақ өз қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында кәсіпорындардың мүдделерін қорғау, заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруге қатысу, елішілік құндылықты дамыту, сатып алуларда отандық өндірушілерді қолдау, кадрлармен қамтамасыз ету және өнеркәсіптік роботтандыруды дамыту бар.

Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Одақтың өкілі сарапшылар тобының құрамына кіреді және кәсіпорындардан келіп түсетін ұсыныстар мен практикалық мәселелерді ескере отырып, тиісті тетіктерді жетілдіру бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысады. Қазіргі уақытта Тізілімді жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар пысықталуда. Олар шағымдарды қарау тәртібін жетілдіруді, сарапшылардың жауапкершілігін арттыруды және отандық тауар өндірушілерді Тізілімге енгізу үшін сараптамалық қорытынды беру рәсімін нақтылауды көздейді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан машина жасаушыларының одағы Ұлытау облысының кәсіпорындарымен, «Атамекен» ҰКП-мен және өңірдің мемлекеттік органдарымен өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және отандық өндірушілердің ұсыныстарын ілгерілетуге жәрдемдесу мақсатында өзара іс-қимылды жалғастырады.