2025 жылғы 13–16 қазан аралығында «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ өкілдері – атқарушы директордың орынбасары Махамбет Меңдіғалиев пен Өңірлік даму және сертификаттау басқармасының жетекші менеджері Алексей Ищук Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және Қытайдың машина жасау саласындағы жетекші кәсіпорындарымен іскерлік байланыстар орнату.
13–14 қазан күндері Одақ өкілдері «ЭНКО энергетикалық компаниясы» ЖШС мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мамандарынан құралған делегация құрамында Ханчжоу қаласында орналасқан өнеркәсіптік сорғылар өндіру бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі – TESK зауытына барды.
15–16 қазан күндері делегация Гуанчжоу қаласында өткен 138-ші Халықаралық Кантон көрмесіне қатысты. Сапар барысында Одақ өкілдері Қытайдың жетекші өндірушілерінің экспозицияларымен танысты: FORE (подшипник өндірушісі), Zhejiang Jinlong (электр қозғалтқыштары мен генераторлар), MiuMac (станоктар), Lefoo (есептеу аспаптары), JonTec (металл бұйымдары), Tengzhou Tri-Union Machinery Co. LTD (өнеркәсіптік құралдар), Suzhou Jwell Machinery Co. LTD (жеңіл және тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтар), Wantong (қуат генераторлары).
Кәсіпорындарды аралау және олардың басшылығымен келіссөздер барысында Одақ өкілдері қытайлық әріптестерді ҚМЖО қызметі мен жетістіктерімен таныстырып, компания басшыларына 2026 жылы өтетін Қазақстан машина жасушыларының форумына және «Kazakhstan Machinery Fair– 2026» халықаралық көрмесіне ресми шақырулар табыстады.
Жұмыс сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы машина жасау саласындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға және Kazakhstan Machinery Fair көрмесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етті.