06.11.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Италиямен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ-да Italy4Trade International SRL итальян компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы директоры Талғат Базарбеков, Italy4Trade International SRL компаниясының директоры Лилиана Урсу және компанияның серіктесі, жоба менеджері Алессандро Оризио қатысты.

Тараптар онлайн B2B-кездесулер ұйымдастыру, өндірістік кооперацияны дамыту, технологиялармен алмасу және инженерлік кадрларды даярлау бағыттарындағы бірлескен бастамаларды іске асырудың тәжірибелік қадамдарын талқылады.

Кездесу барысында ынтымақтастық отандық машина жасау саласының халықаралық деңгейде беделін арттыруға, инвестиция тартуға және озық инженерлік шешімдермен алмасуға кең мүмкіндік беретіні атап өтілді.

«Біз итальяндық әріптестердің Қазақстанда бірлескен жобаларды дамытуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын байқаймыз. Қазақстан машина жасаушылар одағы отандық кәсіпорындарға жаңа нарықтарға шығуға және халықаралық өндіріс стандарттарын енгізуге қолдау көрсетуге дайын», – деді Талғат Базарбеков.

Өз кезегінде Лилиана Урсу «Made with Italy and Kazakhstan» атты бизнес-хаб пен Италия-Қазақстан сатып алу кеңсесін құру жоспары туралы айтып өтті, онда қазақстандық компаниялар өз өнімдерін тұрақты түрде ұсына алады.

Сондай-ақ ол 2026 жылы Милан мен Болонья қалаларында өтетін металл өңдеу, өндірістік автоматтандыру, роботтандыру және жоғары технологиялық жабдықтарға арналған халықаралық көрмелерге қазақстандық кәсіпорындарды қатысуға шақырды.

Ал Талғат Базарбеков Италья компанияларын 2026 жылғы 1–3 сәуір аралығында Астанада өтетін XIII Қазақстан машина жасаушылар форумы мен Kazakhstan Machinery Fair көрмесіне қатысуға шақырып, бұл шараның серіктестік қатынастарды нығайтуға тиімді алаң болатынын атап өтті.

Бұл кездесу Одақтың қазақстандық машина жасау саласының жаһандық деңгейдегі беделін арттыру және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты ілгерілету миссиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.


Анықтама үшін

Italy4Trade International SRL – басқару және маркетингтік консалтинг, бизнес-даму және халықаралық ілгерілету салаларында қызмет көрсететін халықаралық консалтингтік компания.

Компания Еуропа мен Орталық Азия елдерінің кәсіпорындарының өзара іс-қимыл жобаларын жоғары технологиялар, машина жасау, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және медициналық техника сияқты салаларда сүйемелдейді.