22.09.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша ұлттық жобаға отандық өндірушілердің қатысуын кеңейтуге арналған шаралар ұсынды

Астанада «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, табиғи монополия субъектілерінің, отандық тауар өндірушілер мен мердігерлік ұйымдардың 250-ден астам өкілі қатысты. Конференцияны «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Пленарлық отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев экономикалық өсім мен қолайлы инвестициялық ахуалды сапалы инфрақұрылымсыз қамтамасыз ету мүмкін еместігін атап өтті.

Оның айтуынша, алдағы жылдары Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеуге және салуға, сондай-ақ қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздерін енгізуге бағытталады. 2025 жылы пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі үшін 144 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.

Конференцияның пікірталас секциясында «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Арман Ғалымов саланың кәсіпорындарының мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, қазақстандық машина жасау кәсіпорындары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін қажетті өнімдерді шығарады. Атап айтқанда: турбиналарға арналған бөлшектер мен тораптар, жылу алмастырғыш жабдықтар, сорғы жабдықтары мен станциялары, электротехникалық өнімдер, есепке алу аспаптары, кабель-өткізгіш өнімдері, металл конструкциялар, гидротехникалық құрылыстарға арналған жабдықтар және тағы басқа. Олардың қатарында – «Қарағанды турбомеханикалық зауыты» ЖШС, «Қазтурборемонт» сервис орталығы» ЖШС (Астана), «Атырауэнергоремонт» ЖШС, «ВК Промэнергоремонт» ЖШС (Өскемен), «Гидросталь» ЖШС (Өскемен) және «Квант» Қызылорда механикалық зауыты» ЖШС бар.

«Машина жасау кәсіпорындары сұранысқа ие жаңа өнім түрлерін игеруге және энергетикалық әрі коммуналдық секторларды жаңғыртудың сенімді серіктесі болуға дайын», – деп атап өтті Арман Ғалымов.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Ұлттық жобаға кәсіпорындарды тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. 150-ден астам отандық тауар өндіруші табиғи монополия субъектілерінің қажеттіліктері туралы ақпарат алды, ал 70 кәсіпорын 300 тауарлық позиция бойынша ұсыныстарын жолдады.

Алайда, Арман Ғалымовтың айтуынша, ОТӨ үшін әлі де бірқатар кедергілер бар: сызбалар мен техникалық құжаттаманың болмауы, сатып алу көлемдерінің төмендігі, сондай-ақ күрделі жабдықты дайындау мерзімдерінің қысқалығы.

«Біз өндірушілер үшін объектілерді жаңғыртудың ұзақ мерзімді жоспарын көздеуді, жабдыққа қажеттілік туралы ақпаратты ерте беруді, шетелдік компаниялар үшін өндірісті жергілікті деңгейде орналастыру бойынша міндетті талаптарды енгізуді, сондай-ақ салалық қауымдастық өкілдерінің сатып алудың электронды платформасына мониторинг үшін қол жеткізуін қамтамасыз етуді ұсынамыз», – деп баса айтты Арман Ғалымов.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық өндірушілердің Ұлттық жобаға қатысуын кеңейту мақсатында сала кәсіпорындары мен табиғи монополия субъектілерінің арасындағы байланыстырушы буын болуға дайын екенін жеткізді.