Қазақстан машина жасаушыларының одағы өкілдері Қазақстан Республикасының делегациясы құрамында 7–10 қазан аралығында Чехия Республикасының Брно қаласында өткен 66-шы Халықаралық машина жасау көрмесіне (MSV 2025) және Орталық Азияның өнеркәсіптік әлеуетіне арналған бизнес-форумға қатысты.
Еуропадағы ең ірі салалық шаралардың бірі саналатын Халықаралық машина жасау көрмесі өнеркәсіпті дамыту, кооперацияны тереңдету және озық технологиялық шешімдермен алмасу мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Қазақстан тарапынан іс-шараларға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин, «Қарағанды турбомеханикалық зауыты» ЖШС директоры Борис Шельпяков және «Инкар-1» ЖШС техникалық директоры Қуандық Нұрпейісов қатысты.
Сапар аясында Чехияның жетекші өнеркәсіптік компаниялары мен салалық қауымдастықтарымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Атап айтқанда, Машина жасау технологиялары қауымдастығының (SST) басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, қысқа қашықтықтағы ұшақтар өндіретін Aircraft Industries кәсіпорнын аралау ұйымдастырылды.
Келіссөздер барысында өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері және Қазақстан мен Чехия кәсіпорындары арасындағы бірлескен индустриялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов атап өткендей, қазақстандық делегацияның MSV 2025 көрмесіне қатысуы халықаралық байланыстарды нығайту мен отандық машина жасау саласының мүмкіндіктерін еуропалық нарықта ілгерілетудегі маңызды қадам болды:
«Бүгінде Қазақстан шетелдік серіктестермен белсенді өзара іс-қимылға дайын. Біз чехиялық машина жасау тәжірибесін жоғары бағалаймыз және технологиялар трансферіне, бірлескен әзірлемелер мен жобаларға мүдделіміз. Бұл біздің саланы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді ол.
MSV көрмесі 1958 жылдан бері Брно қаласында жыл сайын өткізіліп келеді және Еуропадағы жетекші машина жасау алаңдарының бірі болып саналады. Әр жылы көрмеге 1600-ден астам қатысушы және 80 000-нан астам келуші қатысады.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, отандық машина жасау кәсіпорындарының әлеуетін нығайту және олардың өнімдерін шетел нарықтарына ілгерілету бағытында белсенді жұмысты жалғастыруда.