28 тамызда онлайн форматта «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқармасының отырысы өтіп, онда Одақтың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы жұмыс жоспарының орындалу қорытындылары қаралып, саланы дамытудың жүйелі мәселелерінің өзектендірілген тізбесі талқыланды.
Одақтың 2026 жылға арналған жұмыс жоспары жеті негізгі бағыт бойынша 24 іс-шараны қамтиды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаңтар–сәуір айларында аяқталу мерзімі белгіленген іс-шаралар орындалды: өңірлік өкілдердің жұмысы жүйелендірілді, Машина жасаушылардың XIII форумы және VII Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілді, машина жасауды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық бастамаларды сүйемелдеу жұмыстары аяқталды.
Негізгі нәтижелердің бірі – Мемлекет басшысы 2026 жылғы 24 маусымда қол қойған «Машина жасау және көлік салаларын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы. Құжатта Одақтың офтейк-келісімшарттарды ғана жасасу емес, олардың орындалуы бойынша да, сондай-ақ өнеркәсіпті дамытуға бағытталған өзге де келісімдер бойынша индикаторларды бекіту туралы ұсынысы ескерілді.
Машина жасаушылардың XIII форумының практикалық нәтижелерінің бірі – ірі тапсырыс берушілер мен отандық кәсіпорындар арасында үш офтейк-келісімшарт және бір ниет туралы келісімнің жасалуы болды. Олардың қатарында «KAP Logistics» ЖШС мен «Уральскагрореммаш» АҚ арасында автоцистерналар жеткізу туралы келісімшарт, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Бёмер Арматура» ЖШС арасында шарлы крандар жеткізу туралы ниет туралы келісім, сондай-ақ ERG компаниясының «Запчасть-ЖД» ЖШС және «Asiafilter Inc.» ЖШС-мен жасасқан офтейк-келісімшарттары бар.
Одаққа мүше кәсіпорындарды ірі тапсырыс берушілермен өзара іс-қимыл барысында сүйемелдеу, ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастыру және кооперациялық байланыстарды дамыту жұмыстары жалғасуда.
Бірінші жартыжылдықтың тағы бір нәтижесі – Одақ құрамының кеңеюі. 2026 жылғы шілде айының соңындағы жағдай бойынша 20 жаңа қатысушы қабылданды. Бірқатар өтініштер қаралуда.
Отырыста сондай-ақ Басқарма 2025 жылғы наурызда айқындаған 41 жүйелі мәселені өзектендіру мәселесі қаралды.
«Қолданыстағы тізбеде 41 жүйелі мәселе бар: оның 11-і орындалды, 17-сі жұмыс барысында, 6-ы ішінара орындалды, ал 7 мәселені өзектілігін жоғалтқан деп тану ұсынылады. Өзектендіру қорытындысы бойынша бақылауда 21 мәселені қалдыру ұсынылады», – деді Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков.
Олардың қатарында техникалық кадрларды даярлау, қаржыландыру және сұранысты ынталандыру, салықтық реттеу, елішілік құндылықты дамыту, өндірісті жергіліктендіру, инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету мәселелері бар.
«Өткен кезеңде осы бағыттар бойынша мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және басқа да мүдделі ұйымдармен жүйелі жұмыс жүргізілді. Бірқатар мәселелер бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді, жекелеген мәселелер іске асыру сатысында және одан әрі пысықтауды талап етеді. Сонымен қатар осы уақыт аралығында жекелеген жағдайлар мен тәсілдер өзгерді. Осыған байланысты біз қалыптастырған тізбені өзектендіріп, алдағы жұмысты әлі де шешімін таппаған мәселелерге шоғырландыру қажеттілігі туындады», – деп атап өтті Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев.
Жұмысы жалғасып жатқан мәселелердің қатарында тәжірибеге бағдарланған және дуалды оқытуды дамыту, локомотивтер мен вагондар паркін жаңарту, машина жасау жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы, автобус және арнайы техниканы лизингке беру жүйесін дамыту, Ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйені жетілдіру, мұнай-газ және энергетикалық жобаларға арналған өнімдерді жергіліктендіру, сондай-ақ экспортты қолдау шараларын кеңейту бар.
Кадрлар бағыты аясында 2025–2026 оқу жылдарына арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі жол картасын іске асыру жалғасуда. Негізгі назар студенттердің өндірістік практикасына, педагогтердің тағылымдамадан өтуіне, кәсіпорын мамандарының біліктілік емтихандарына қатысуына және колледждердің машина жасау кәсіпорындарымен өзара іс-қимылын кеңейтуге аударылуда.
Өнеркәсіпті роботтандыруды дамыту бойынша да жұмыс жалғасуда. Одақ шағын және орта бизнес субъектілерінің робототехникалық кешендерді сатып алуын қолдау шаралары бойынша, сондай-ақ «Digital Qazaqstan» стратегиясына енгізу үшін өңдеу өнеркәсібіндегі роботтандыру тығыздығының нысаналы көрсеткіштерін белгілеу жөнінде ұсыныстар жолдады.
Жекелеген бағыттың бірі – отандық өндірушілерді қолдау. Одақ Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне кәсіпорындарды енгізу жөніндегі өтінімдерді қарау бойынша салалық комиссияның жұмысына тұрақты негізде қатысады, сондай-ақ кәсіпорындардың сатып алулар, салықтық реттеу, мемлекеттік қолдау шаралары және елішілік құндылық мәселелері бойынша ұсыныстарын сүйемелдейді.
Халықаралық бағытта Қытай тарапымен жұмыс және қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік іс-шараларға қатысу мүмкіндіктерін пысықтау жалғасуда. 2026 жылғы сәуірде Қазақстан машина жасаушыларының одағы мен Чехия Республикасының Инженерлік технологиялар қауымдастығы арасында машина жасау саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2026 жылдың соңына дейін Одақ Кешенді жоспар мен Машина жасаушылар форумының ұсынымдарын сүйемелеуді, қабылданған заңнамалық нормаларды іс жүзінде қолдану бойынша жұмысты, ірі тапсырыс берушілермен кооперацияны дамытуды, жаңа қатысушыларды тартуды және саланың шешімін таппаған жүйелі мәселелерін шешуді жалғастырады.