25.08.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы «Қазақтелеком» АҚ сатып алуларына отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту бойынша шаралар ұсынды

Қазақстандық өндірушілердің «Қазақтелеком» АҚ-ға модемдер, радиокөпірлер, радиостанциялар, желілік коммутаторлар және кабельдік-өткізгіш өнімдерін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Осындай жеткізілімдерді кеңейту мәселелері отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың «Қазақтелеком» АҚ сатып алуларына қатысуын кеңейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан машина жасаушыларының одағы, «Қазақтелеком» АҚ, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Атамекен» ҰКП және отандық тауар өндірушілер өкілдері қатысты.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов отандық кәсіпорындардың әлеуетін таныстырып, импортты алмастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы және қазақстандық өндірушілердің «Қазақтелеком» сатып алуларына неғұрлым белсенді қатысуын шектейтін негізгі мәселелерді атап өтті.

Бүгінде Одаққа мүше 20-дан астам машина жасау кәсіпорны «Қазақтелеком» сұранысына ие өнімдерді өндіруге, сондай-ақ импортты алмастыру бағдарламасы аясында оның жаңа түрлерін игеруге мүмкіндігі бар. Олардың қатарында «Талдықорғанкабель», «Қазэнергокабель», «Элтекс Алатау», «Sigma Corporation», «Қостанайэнерго» және басқа да кәсіпорындар бар.

Ынтымақтастықты дамытудың негізі Одақ пен «Қазақтелеком» арасында 2024 жылы жасалған ынтымақтастық туралы меморандум болды. Құжат импортты алмастыратын өнімдерді игеруге және отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасу тетіктерін дамытуға бағытталған.

Қазіргі уақытта Одақ кәсіпорындармен бірлесіп, «Қазақтелеком» ұсынған импортты алмастыруға арналған тауарлардың өзектендірілген пулын талдау бойынша жұмысты аяқтауда. Бұл ретте Пулға енгізілген тауар позицияларының 63%-ы машина жасау өнімдеріне тиесілі.

Ынтымақтастықтың маңызды құралдарының бірі – офтейк-келісімшарттар. 2023–2025 жылдары Одаққа мүше кәсіпорындар мен «Қазақтелекомның» еншілес ұйымдары арасында жалпы сомасы 6,7 млрд теңгеге 41 офтейк-келісімшарт жасалды. Оның ішінде 2023 жылы 1,3 млрд теңгеге 11 келісімшарт, 2024 жылы 3 млрд теңгеге 11 келісімшарт, 2025 жылы 2,4 млрд теңгеге 19 келісімшарт жасалды.

Негізгі жеткізушілер қатарында – кабельдік-өткізгіш өнімдері бойынша «Континент Ко Лтд ӨКФ» және «KCEP», радиостанциялар бойынша «Корпорация Связь», желілік коммутаторлар бойынша «Элтекс Алатау» және басқа да отандық кәсіпорындар.

Бұл ретте, Ерқанат Мақанов атап өткендей, жаңа өнім өндірісін игеру уақытты талап етеді. Техникалық құжаттаманы зерделеу және тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізуден бастап сериялық өндіріске көшуге дейін айтарлықтай уақыт қажет. Сондықтан кәсіпорындар үшін техникалық құжаттамаға қолжетімділік және сұраныстың түсінікті ұзақ мерзімді келешегі ерекше маңызды.

Дөңгелек үстел барысында отандық өндірушілердің сатып алу рәсімдеріне неғұрлым белсенді қатысуын тежейтін мәселелер де айтылды. Олардың қатарында толық емес техникалық құжаттама, жекелеген позициялар бойынша сатып алу көлемінің төмендігі, Таза импорт пулындағы машина жасау өнімдерінің жеткіліксіз саны, сондай-ақ мердігер ұйымдар орындайтын жұмыстар мен қызметтер құрамында отандық тауар өндірушілер тауарларын сатып алу бар.

Соңғы жағдайда кәсіпорындар көбіне сатып алуға тікелей қатыса алмайды, өйткені тиісті жұмыстарды орындау үшін арнайы лицензиялар мен рұқсаттардың болуы талап етіледі.

Аталған мәселелерді шешу үшін Одақ отандық өндірушілерге сатып алу жоспарланған өнімдер бойынша толық техникалық құжаттамаға, оның ішінде сызбаларға, техникалық талаптар мен ерекшеліктерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды.

Сондай-ақ Одақ сатып алуды жоспарлау кезінде өндірістік циклдерді ескеруді және отандық өндірушілердің өнімдеріне сұраныстың барынша болжамды жағдайларын жасауды ұсынды.

«Біз «Қазақтелекомның» елішілік құндылықты дамытуға баса назар аударуға ұмтылысын қолдаймыз және өз тарапымыздан қойылған мақсаттарға бірлесіп қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз», – деді Ерқанат Мақанов.

Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов компанияның отандық тауар өндірушілерден сатып алатын өнім үлесін одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Компания үшін сатып алудың ашықтығы, адал бәсекелестік және жеткізушілермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала береді. 2025 жылы тауарларды сатып алу көлемі 123,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде отандық тауар өндірушілерден сатып алу үлесі – 15,9%. 2026 жылдың қазіргі жағдайы бойынша сатып алу көлемі 114,8 млрд теңгені, ал ОТӨ үлесі – 11,6% құрайды. Біз бұл көрсеткіш одан әрі өседі деп ойлаймыз, сондай-ақ негізгі сатып алынатын позициялар бойынша отандық өндірісті кеңейтуге мүдделіміз және әлеуетті жеткізушілермен ынтымақтастыққа ашықпыз», – деді Ержан Мейрамов.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар отандық өндірушілердің сатып алуларға қатысуын кеңейту және импортты алмастыру тетіктерін дамыту бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Негізгі назар отандық машина жасау саласының телекоммуникациялық өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге, сондай-ақ қазақстандық өндірушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі дамытуға аударылатын болады.


Фото: «Қазақтелеком» АҚ