16.07.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы «Қазақтелеком» АҚ-мен отандық өнімдерді сатып алу көлемін кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиев пен Өңірлік даму және сертификаттау басқармасының жетекші менеджері Алексей Ищук «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Телеком Комплект» дирекциясының өкілдерімен өткен жұмыс кездесуіне қатысты. Талқылауға онлайн форматта Жобаларды басқару дирекциясы мен «Желі» дивизионының өкілдері де қосылды.

Кездесу барысында отандық өндірушілердің өнімдерін сатып алу саласындағы ынтымақтастықты дамыту, 2026 жылға арналған импортты алмастыруға жататын тауарлар тізбесін қалыптастыру, сондай-ақ офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндіктері қаралды.

Қатысушылар «Қазақтелеком» АҚ-ның қажеттіліктерін қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерімен салыстыруға, сатып алу рәсімдерін жетілдіруге және адал бәсекелестік үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, техникалық мамандар арасындағы тікелей байланысты күшейту, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіру және өндірістік кооперацияны дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаласты.


Фото:  «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Телеком Комплект» дирекциясы