06.03.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы: Қазақстанда машина жасау 8,5 есеге қалай өсті

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Атқарушы директорының орынбасары Арман Галимов:

Бүгінде отандық машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі әрі елдің индустриялық дамуының тірегі. Соңғы жылдары сала тұрақты өсім көрсетіп, өнім номенклатурасы кеңеюде, жергіліктендіру мен өнеркәсіптік кооперация дамып келеді.

Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол тарихи максимумға – 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есеге артты. Саланың өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 20%-ға жуықтады.

Кәсіпорындар ұсақ тораптық жинақтаудан ірі тораптық жинақтауға және құрамдас бөлшектерді тереңірек өндіруге кезең-кезеңімен көшуде. Салалық кластерлер қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, кадрлық әлеует нығаюда.

Мысалы, теміржол машина жасау саласында толыққанды теміржол машина жасау кластері қалыптасты. Оның құрамына Railways Systems Holding тобының кәсіпорындары, Stadler Kazakhstan, Alstom және Wabtec кіреді.

Жүк және жолаушылар вагондарын екі отандық компания – «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» және «ЗИКСТО» өндіреді. Локомотивтерді «Локомотив құрастыру зауыты» (америкалық Wabtec компаниясымен бірлесіп) және «Электровоз құрастыру зауыты» (француздық Alstom компаниясымен бірлесіп) шығарады.

RWS холдингінің құрамына кіретін «Проммашкомплект» ЖШС теміржол дөңгелектері мен жолдың жоғарғы құрылымының элементтерін өндіреді. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты рельс шығарады.

Теміржол машина жасаудың даму әлеуеті зор. Өнім халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді және ішкі нарықпен қатар Әзербайжан, Вьетнам және Орталық Азия елдеріне экспортталады. Шығарылатын өнім номенклатурасы жыл сайын кеңеюде.

Негізгі бағыттармен қатар машина жасаудың өзге де салаларында өндірістік құзыреттерді жүйелі дамыту жалғасуда.

Автомобиль жасау саласында терең жергіліктендіруге көшу жүзеге асырылуда. Орындық, пластиктен бөлшектер, мультимедиялық жүйелер сияқты автокомпоненттер өндірісі дамып келеді. Алматы қаласындағы қуаты жылына 120 мың автомобиль шығаратын «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты, Қостанайдағы толық циклді (CKD) KIA Қазақстан зауыты (жылына 70 мың автомобиль) сияқты флагмандық жобалар іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы машина жасау саласында «Агромашхолдинг KZ» және «Қазрост» жұмыс істейді. «CLAAS» және «John Deere» сияқты жетекші өндірушілер ұсынылған. Тіркемелі және аспалы жабдықтар өндіретін бірқатар кәсіпорындар бар. Сегментте жоғары жергіліктендіру деңгейі бар шамамен 20 кәсіпорын жұмыс істейді, компаниялар өндірісті жаңғыртып, техника желісін кеңейтуде.



Дереккөз: 24.KZ арнасы