«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің 5-отырысына қатысты. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Швейцария Конфедерациясының Вице-президенті, Федералдық кеңесші, Экономика, білім және ғылыми зерттеулер федералдық департаментінің басшысы Ги Пармелан төрағалық етті.
Отырыс «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Stadler Rail AG компаниясының ұйымдастыруымен, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен өтті.
Іскерлік кеңестің тең төрағалары – «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және Stadler Rail Group директорлар кеңесінің төрағасы Петер Шпулер.
Кеңес жұмысына Stadler, SwissMEM, JCC, Economiesuisse және Kühne + Nagel сияқты жетекші швейцариялық компаниялар мен салалық ұйымдардың 25-тен астам өкілі қатысты. Қазақстан тарапынан ұлттық компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Stadler компаниясы Қазақстанда белсенді жұмыс істеп, Астанадағы Stadler Kazakhstan зауытында жолаушылар вагондарын өндірудің толық цикліне қол жеткізді. Компания 557 вагон жеткізу және олардың 20 жылдық техникалық қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді орындай отырып, еліміздің теміржол саласын жаңғыртуға елеулі үлес қосуда.
Кеңес аясында Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев пен SwissMEM Швейцарияның технологиялық өнеркәсіп ассоциациясы директоры Штефан Брупбахер машина жасау саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кооперацияны дамытуға, тәжірибе алмасуға, заманауи инженерлік шешімдерді енгізуге және халықаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Мейрам Пішембаев «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында Австрия делегациясымен кездесу өткізіп, Австрияның теміржол индустриясы одағымен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Мейрам Пішембаев Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің тең төрағасы болып табылатынын айта кету қажет. Бұл екіжақты салалық бастамалардың дамуына ерекше мән береді.
Қол қойылған құжаттар өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық және технологиялық мүмкіндіктерін арттыруға, сондай-ақ машина жасау саласына озық технологияларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.