17.09.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы қатысушылары «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркін жаңартуға үлес қосуда

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары паркін толық жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл үдерісте Қазақстан машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындардың маңызы зор.

Бүгінгі таңда Stadler Bussnang AG компаниясымен 557 заманауи вагон жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Вагондар Stadler технологиясы бойынша өндіріліп, Қазақстанға 2025–2030 жылдары аралығында жеткізіледі.

Тек 2024 жылы 118 вагон, ал 2025 жылдың алғашқы жеті айында тағы 56 вагон жеткізген «ЗИКСТО» ЖШС отандық зауытының үлесі ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, 2026 жылға дейін қосымша 100 вагон жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа құрамдардың барлығы заманауи қауіпсіздік және жайлылық жүйелерімен, соның ішінде ауаны баптау жабдығымен жабдықталған. 2030 жылға қарай жолаушылар паркі вагондарының орташа жасы 13 жылға дейін төмендеп, қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артады деп күтілуде.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Қазақстан машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындардың ынтымақтастығы отандық машина жасау саласының жоғары әлеуетін және оның жаһандық өндірістік тізбектерге кірігуін айқын көрсетеді.


Материал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ақпараты негізінде дайындалды