30.07.2026
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атырау облысының басшылығымен саланы дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында өңір басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

Жұмыс сапары барысында Мейрам Пішембаев Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовпен және облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевпен кездесті. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығы (IMBC) бас директоры Дастан Әбішев қатысты.

Кездесу барысында өңірдің машина жасау саласын дамытудың негізгі мәселелері талқыланды. Қатысушылар ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау тетіктерін, өндірісті жергіліктендіруді, ірі өнеркәсіптік компаниялармен және жер қойнауын пайдаланушылармен өндірістік кооперацияны кеңейтуді, сондай-ақ сала кәсіпорындары үшін білікті кадрлар даярлау мәселелерін қарастырды.

Машина жасау саласын дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды факторларының бірі екені атап өтілді. Атырау облысы өнеркәсіптік өндірістің елеулі көлемін қамтамасыз етіп, инвестициялардың қомақты үлесін тартатын Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып қала береді.

Бүгінде өңірде 156 машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 ірі, 3 орта және 150 шағын кәсіпорын бар. Саланың негізгі бағыттарына теміржол техникасы мен оның құрамдас бөліктерін, сондай-ақ мұнай-газ жабдықтарын өндіру жатады. Бұдан бөлек, өңірде ауыр машина жасау саласындағы жобалар жүзеге асырылып, заманауи сынақ инфрақұрылымы дамып келеді.

Кездесуде ірі жобалардағы отандық қамту үлесін одан әрі арттыру және машина жасау саласында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жұмыс кездесулері машина жасау саласын дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес және салалық қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.