29.12.2025
Қазақстан машина жасаушыларының одағы 2025 жылдың қорытындысын шығарып, 2026 жылға арналған басымдықтарды айқындады

Астанада онлайн форматта Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқармасының отырысы өтті. Отырыста Одақтың 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар мен басымдықтар айқындалды.

Отырысты Одақ Басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев ашты. Ол өз сөзінде:

«2025 жыл машина жасау саласы үшін жүйелі шешімдер мен нақты нәтижелер кезеңі болды. Біздің басты міндетіміз – отандық кәсіпорындардың тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету және өндірістің ұзақ мерзімді өсіміне жағдай жасау», – деп атап өтті.

Одақтың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалуы және 2026 жылға арналған жоспарлар туралы Атқарушы дирекцияның директоры Талғат Базарбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылға арналған ҚМЖО жұмыс жоспары Одақтың өз бастамаларын іске асырумен қатар, 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспары мен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы ұсынымдарында көзделген міндеттерді орындауға бағытталған.

Есепті жылы мемлекеттік органдармен және Парламентпен өзара іс-қимыл жасау, ішкі құндылықты арттыру бағдарламаларын енгізу және өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар жасасу, заңнаманы талдау, экспортқа жәрдемдесу, сондай-ақ кадрлар даярлау жөніндегі жол картасын іске асыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды.

Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, 2023 жылғы қарашада Үкіметпен бекітілген 2024–2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға ерекше назар аударылды. Аталған жоспар өндіріс көлемін 4,5 есеге, экспортты 3 есеге, еңбек өнімділігін 2 есеге, инвестиция көлемін 1,5 есеге арттыруды көздейді.

2025 жылдың маңызды нәтижелерінің қатарында жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қағидаларына енгізілген өзгерістер атап өтілді. Бұл өзгерістер қазақстандық тауар өндірушілермен шарт жасасу кезінде кемінде 30% мөлшерінде міндетті алдын ала төлемді бекітеді. Сондай-ақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары кеңейтіліп, теміржол тасымалына және өнімді халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу тетіктері енгізілді.

Парламент пен Үкіметпен бірлескен жұмыс аясында өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған маңызды заңнамалық өзгерістер әзірленіп, қабылданды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды биржалар арқылы сатып алу алынып тасталды, ішкі құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту және офтейк-келісімшарттар жасасу тетіктері енгізілді, сондай-ақ ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру және ҒЗТКЖ-ға 300% мөлшерінде салықтық шегерімдер сияқты салықтық ынталандыру шаралары қарастырылды.

Есепті жылы Одақ импортты алмастыру және офтейк-келісімшарттар жасасу бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып, Одақ мүшесі болып табылатын ұлттық компаниялармен, оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» және «Қазақстан темір жолы» компанияларымен белсенді өзара іс-қимыл жүргізді.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополия субъектілерінің сатып алуларында айтарлықтай іске асырылмаған әлеуеттің бар екенін атап өтті. Осыған байланысты Сенаттың Жобалық кеңсесі жанындағы машина жасау саласын дамыту жөніндегі жұмыс тобы аясында Үкіметпен келісілген заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы офтейк-келісімшарттарды орындау бойынша мақсатты көрсеткіштерді енгізуді және тапсырыс берушілердің ішкі құндылықты арттыру бағдарламаларының нақты орындалуы туралы есептерді міндетті түрде жариялауын көздейді.

Сондай-ақ 2025 жылы Одақ мүшелерінің саны 674-тен 702 кәсіпорынға дейін артқаны атап өтілді. Бұл бизнес тарапынан сенімнің артқанын және салалық бірлестіктің өкілділігінің нығайғанын көрсетеді.

Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар Одақтың 2025 жылғы жұмысының кешенді әрі практикалық бағытталған сипатын атап өтті. 2026 жылға арналған негізгі міндеттердің қатарында машина жасауды дамытудың Кешенді жоспарын іске асыруды жалғастыру, Сенаттың қолдауымен әзірленген заң жобасын ілгерілету, Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумын және Kazakhstan Machinery Fair көрмесін өткізу, импортты алмастыру жұмыстарын кеңейту, өнеркәсіптік роботтандыруды енгізу және салаға инвестиция тарту белгіленді.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы отандық машина жасау саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестердің күш-жігерін одан әрі біріктіруге дайын екенін растады.

Отырыстың соңында Мейрам Пішембаев әріптестерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен бақ-береке тіледі.