«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ алаңында өңірлік өкілдер мен сала кәсіпорындарының қатысуымен 2026 жылғы жиырма үшінші онлайн-отырыс өтті.
Отырыс барысында қатысушылар отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін дамыту мәселелерін талқылап, Қазақстан машина жасаушыларының одағының жаңа мүшесі – «BNK GROUP» ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктерімен танысты, сондай-ақ машина жасау саласын дамытуға бағытталған заңнамадағы соңғы өзгерістерді қарастырды.
Экспорттық акселерация бағдарламасы туралы «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Экспорттық акселерация департаментінің бас менеджері Әлішер Асқаров баяндама жасады.
Отырыс қатысушыларына қазақстандық кәсіпорындардың шетел нарықтарына шығуына қолдау көрсетуге бағытталған шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама шетелдік серіктестерді іздеу, кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін диагностикалау, B2B-кездесулер ұйымдастыру, экспорттық стратегия әзірлеу, маркетингтік сүйемелдеу және экспорттық келісімшарттар жасауға жәрдемдесу шараларын қамтиды.
Сондай-ақ шикізаттық емес экспортты қолдау құралдарын біріктіретін QazTrade Hub экожүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Оның құрамына консультациялық, білім беру, логистикалық және маркетингтік сервистер кіреді. Бағдарламаның басым салалары ретінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары өндірісі, IT-қызметтер және басқа да бағыттар белгіленген.
Презентация барысында экспорттық акселерация бағдарламасына қатысатын компанияларды іріктеу критерийлері де таныстырылды. Олардың қатарында қаржылық тұрақтылық, өндірістік қуаттардың болуы, өнімнің халықаралық талаптарға сәйкестігі және экспорттық қызметке ұйымдық дайындық бар.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «BNK GROUP» ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктерінің таныстырылымы болды.
Компания директоры Ниязали Бейсенбаев кәсіпорын қызметі мен іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. BNK Group Орталық Азиядағы суару жүйелерін өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады және 2023 жылдан бері отандық өндірісті белсенді дамытуда.
Компания жаңбырлатып суару машиналарын, тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын шығарады. Сонымен қатар кәсіпорын жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар, сэндвич-панельдер, капсулалық және модульдік құрылыстар өндіреді, сондай-ақ сүт-тауар фермаларын салу жобаларын жүзеге асырады. Кәсіпорынның өндірістік алаңы 30 мың шаршы метрді құрайды, зауытта шамамен 150 маман еңбек етеді.
Сонымен қатар отырыс қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 маусымда машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша заңнамаға қол қойған түзетулері туралы ақпарат берілді.
Аталған заңнамалық өзгерістер отандық машина жасауды дамыту және саланы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың аясында әзірленген.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Одақтың заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жобалық офисімен және салалық ұйымдармен бірлесіп белсенді қатысқанын атап өтті.
Қабылданған түзетулер мемлекеттік қолдауға ие болатын өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізуді, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін арттыруды, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарының айналымын реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар үшін офтейк-келісімшарттарды орындау бойынша KPI көрсеткіштерін енгізуді көздейді.
Отырыс қатысушылары экспорттық қызметті дамыту, өндірістік кооперацияны кеңейту және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қазақстандық машина жасаудың ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарттары болып қала беретінін атап өтті.