20.10.2025
Қазақстан машина жасаушылары одағы мен ирандық компаниялар машина жасау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп, ирандық компания өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Кездесуге Иран тарапынан Иран Сауда-өнеркәсіп палатасының Азия және Мұхит елдері департаменті, Машина жасау және жабдықтар федерациясы, Мұнай өнеркәсібі жабдықтарын өндірушілер қауымдастығы, сондай-ақ Автокөлік қосалқы бөлшектері мен компоненттерін өндірушілер қауымдастығының өкілдері қатысты.

Тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту жолдарын, соның ішінде бірлескен өндірістерді құру, инвестициялық жобаларды дамыту, технологиялар трансфері мен кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы директоры Талғат Базарбеков:

«Қазақстанда инвесторларды қолдаудың бірқатар шаралары, арнайы экономикалық аймақтар және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Біз екі елдің кәсіпорындарын бірлескен жобаларға белсенді тартуға дайынбыз. Иран мен Қазақстан – мұнай өндіруші мемлекеттер, және бізде мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды бірлесіп өндіру әлеуеті бар», – деп атап өтті.

Иран тарапы соңғы жылдары Қазақстан мен Иран мұнай-газ өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік машина жасау салаларында сенімді әріптестер ретінде өзара байланыстарын нығайтып келе жатқанын атап өтті.

Иран ұйымдарының өкілдері технологиялармен алмасуға және жеткізілімдерге белсенді қатысуға, сондай-ақ Қазақстанда автокөлік бөлшектері мен компоненттерін – редукторлар, полимер және резеңке бөлшектер, тораптар мен агрегаттар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп техникасына арналған жабдықтар өндірісін жолға қоюға дайын екендіктерін білдірді.

Олардың пікірінше, Қазақстан ЕАЭО мен ТМД нарықтарына шығу үшін елеулі әлеуетке ие.

Онлайн-кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, ұсыныстармен алмасу үшін жұмыс тобын құру және қазақстандық мамандарды Иранның машина жасау кәсіпорындарында даярлау мәселелерін қарастыруға уағдаласты.

Бұл кездесу Қазақстан мен Иран арасындағы әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып, өнеркәсіптік кооперация мен бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.