2020 жылы Саран қаласында ашылған QazTehna зауыты аймақтағы индустриялық дамудың қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде кәсіпорын Yutong қалалық және мектеп автобустарын, сондай-ақ Howo және Scania жүк көліктерін шығарады.
Маңыздысы – барлық өндіріс процестері өнеркәсіптік жинақтау туралы келісімдер аясында, серіктес зауытпен бекітілген жергіліктендірудің кезеңдік алгоритміне сәйкес жүзеге асырылады, деп атап өтті Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов.
«Бренд иесі әр жаңа модель бойынша өнеркәсіптік жинақтау келісімінің талаптарына сай нақты жергіліктендіру кезеңдерін айқындайды: алдымен негізгі тораптарды жинау, содан кейін дәнекерлеу, сырлау, ұсақ тораптық жинау және әрі қарай компоненттік базаны өндіру. Өз кезегінде QazTehna зауыты өнеркәсіптік жинақтау шарттарын толық көлемде орындауы тиіс. Бұл үдеріс Өндіріс және құрылыс министрлігі тарапынан қатаң бақыланады», – деді сарапшы.
QazTehna компаниясы өндірістік активтерге 14 млрд теңге инвестиция салды – бұл көрсеткіш отандық коммерциялық техника өндірушілер арасында ең жоғарысы. 2021 жылдан бастап зауыт ұсақ тораптық (CKD) жинақтау жүйесіне көшті, бұл дәнекерлеу және бояу цехтарын құруды қажет етті – машина жасаудағы ең капиталды қажет ететін кезеңдердің бірі.
«Жергіліктендіру – бұл мемлекет алдындағы ғана емес, технологиялық серіктестер алдындағы да міндет. Әр кезең мен әр операцияда зауыт қатаң сапа бақылауынан өтеді. Өндірушінің стандарттарына және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін бірде-бір көлік құралы немесе автокомпонент шығарылмайды. Сондықтан жергіліктендіруді тереңдету үдерісі әрқашан кезең-кезеңімен жүреді – бұл күрделі, біртіндеп жүзеге асырылатын өндірістік жол», – деп атап өтті Қайрат Еламанов.
2024 жылы зауытта 1576 техника бірлігі өндірілді, оның ішінде 1396 автобус, 180 коммерциялық техника. 2025 жылға жоспар – 2887 техника бірлігі, соның ішінде 1560 автобус және 1327 коммерциялық техника.
2025 жылдың соңына дейін автобус корпусының бөлшектерін шығаратын штамптау өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. QazTehna зауытында Қазақстандағы алғашқы гидравликалық штамптау прессы орнатылды, ол шанақтың металл элементтерінің кең спектрін шығаруға арналған. Пресс 10 мың шаршы метрлік жаңа корпуста орналасқан. Шикізат ретінде Qarmet металлургиялық комбинаты өндіретін, халықаралық сертификаттан өткен 08КП маркалы отандық мырышталған болат қолданылады. Жобаны іске асырудың екінші кезеңін қоса есептегенде, жалпы инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асады.
2026 жылы автобустардың қосымша компоненттік базасы – шанақ бөлшектері, терең штамптау элементтері, пластиктен жасалған жолаушылар орындықтары мен тұтқалар өндірісі басталады.
Қазіргі таңда QazTehna локализация технологияларын әрі қарай тереңдетуді өздігінен де, басқа отандық өндірушілермен бірлесе отырып та жалғастыруда. Мысалы, жүк техникасына арналған үстіңгі жабдықтар «Құрылысмет» және Maker КЛМЗ зауыттарымен бірлесе өндірілетін болады. Бұл – машина жасау саласын отандық металлмен және компоненттермен қамтамасыз ете алатын ұлттық жеткізушілер экожүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.