24.03.2026
Қазақстан машина жасау саласында қандай жаңалықтар бар

Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсімді сақтап, өңдеу өнеркәсібінің негізгі бағыттарының бірі ретінде дамуын жалғастыруда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, көрсеткіштердің өсуі автокөлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторларды өндіру көлемінің артуымен, сондай-ақ жүк және жолаушылар вагондарын, жеңіл автокөліктер мен өзге де жабдықтарды шығаратын жаңа өндірістердің іске қосылуымен байланысты.

Бұл ретте отандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласының қажеттіліктері де маңызды рөл атқарады. Олар энергетикалық және электротехникалық жабдықтарды, құбыр арматурасын, сорғыларды, кабель өнімдерін және басқа да тауарларды өндіруді ынталандырып отыр.

2025 жылдың нақты нәтижелері

Бұл көрсеткіштер 2025 жылғы нақты нәтижелерден көрініс тапты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, өткен жылы автомобиль жасау саласында:

  • 158 944 жеңіл автокөлік;
  • 8 516 жүк көлігі;
  • 3 122 10 және одан көп орынды автобус;
  • 860 арнайы автокөлік;
  • 1 478 автомобиль шанағы өндірілді.

Ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі де өсім көрсетуде:

  • 7 636 трактор;
  • 1 150 комбайн;
  • 2 560 топырақты өңдеу және қопсыту техникасы;
  • 1 201 пресс-жинағыш шығарылды.

Ал тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі төрт есеге артып, 130 бірлікке жетті.

Теміржол машина жасау саласында да әртүрлі серпін байқалды: 2025 жылы 45 электровоз, 69 тепловоз, 200 жолаушылар вагоны, 1 499 платформа және 1 376 жартылай вагон өндірілді.

Жаңа өндірістер мен өнім шығару көлемінің өсуі

Өткен жылы салада жалпы инвестиция көлемі 656 млрд теңгені құрайтын шамамен 40 жаңа жоба іске асырылды. Олардың қатарында Қазақстанның нарықтағы позициясын едәуір күшейткен стратегиялық өндірістер бар:

  • «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС (Алматы қ.) базасындағы мультибрендті зауыт Chery, Changan және Haval қытайлық брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығарады. Жылдық қуаты — 120 мың автокөлік, инвестиция көлемі — 182 млрд теңге;
  • Қостанайдағы KIA зауыты жылына 70 мың автокөлік шығарады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 131,5 млрд теңгені құрайды;
  • «KamLitKZ» ЖШС (Қостанай қ.) жүк техникасына арналған басты беріліс редукторларын, цилиндр блоктарын, блок бастиектерін және тұтас құйылған көпір картерінің арқалықтарын өндіреді. Өндіріс көлемі жылына 74 мың бірлік, инвестиция көлемі — 78,2 млрд теңге;
  • «ТексолТранс» ЖШС (Атырау қ.) жүк вагондарын, оның ішінде жартылай вагондар, жабық вагондар, платформалар мен цистерналар шығарады.

Роботтандыру және заманауи технологиялар

Заманауи технологиялар мен автоматтандыру саланы дамытудың маңызды бөлігіне айналуда. Жаңа және жаңғыртылып жатқан зауыттарда роботтандырылған кешендер мен автоматты бақылау жүйелері енгізілуде. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс қауіпсіздігін күшейтеді.

Мәселен, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-де 2023–2024 жылдардан бері автокөлік шанағын лазерлік дәнекерлеу және шатыр люгін өңдеу үшін төрт FANUC өнеркәсіптік роботы қолданылуда.

Өнеркәсіптік роботтар «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС (Алматы) мен Қостанайдағы KIA зауыттарында да пайдаланылады. Ал «Проммашкомплект» ЖШС мен «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС өндірістерінде роботтар доңғалақтарды илемдеу, металл кесу, бояу және дайын өнімді бақылау желілерінде жұмыс істейді.

Екібастұзда салынып жатқан ұсталық-бандаж кешенін шығаратын зауытта да болат дайындамаларды өңдеудің негізгі кезеңдерінде роботтарды пайдалану көзделген.

Сонымен қатар, Қазақстан машина жасаушылар одағының бағалауынша, елдегі роботтандыру деңгейі әлі де төмен күйінде қалып отыр — өңдеу өнеркәсібіндегі әрбір 10 мың жұмыскерге шамамен 9 өнеркәсіптік роботтан келеді. Ал әлемдік орташа көрсеткіш 160-тан асады. Бұл еңбек өнімділігі мен қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.

Бүгінде машина жасау саласында 4 мың кәсіпорында 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде қосымша 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, салада токарьлар, фрезерлеушілер, сандық бағдарламалық басқару станоктарының операторлары, инженер-конструкторлар, технологтар мен автоматтандыру жөніндегі мамандар тапшы.

Бұған дейін Алматы облысында ауыр жүк тіркемелерін шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.


Дереккөз: inform.kz