28.10.2025
Қазақстан Еуропаданың машина жасау нарығындағы позициясын нығайтуда

Берлин қаласында Қазақстан Республикасы Өндіріс және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бастаған қазақстандық делегация Deutsche Bahn AG компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Неміс тарапынан келіссөзге қозғалыс құрамын және қосалқы бөлшектерді сатып алу жөніндегі аға вице-президент, доктор Торстен Лац жетекшілік етті.

Кездесу DB Engineering & Consulting компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Компания атынан халықаралық бизнес жөніндегі операциялық директор Стефан Гайспергер және Ральф Михаэль Напель басқаратын аймақтық команда қатысты. Сондай-ақ тараптардан сатып алу, инженерлік шешімдер және өнеркәсіптік стандарттар саласындағы мамандар қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – қазақстандық өнеркәсіптің әлеуетін және Deutsche Bahn жүйесіне аккредиттелген жеткізуші мәртебесін алу үшін қажетті сертификаттау талаптарын талқылау болды.

«ПромМашКомплект» ЖШС өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның өндірістік қуаттары, соның ішінде теміржол машина жасау саласындағы кәсіпорындар, Еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай өнім шығаруға қабілетті екені таныстырылды.

Вице-министр Олжас Сапарбеков атап өткендей, Қазақстан экспортқа бағытталған машина жасауды дамытуға, өндірісті жаңғыртуға және халықаралық серіктестер талаптарына сай технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Өз кезегінде Deutsche Bahn өкілдері қазақстандық компанияларды жеткізу тізбегіне қосу сертификаттау рәсімдерін толық сақтау жағдайында ғана мүмкін болатынын айтты. Бұл рәсімдерге технологиялық процестердің кешенді тексерісі, қолданылатын материалдардың сапасы және пилоттық сынақтар кіреді.

Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделілік танытып, сертификаттау рәсімдерінен сәтті өту қазақстандық кәсіпорындардың Еуропалық Одақ нарығына шығуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша «ПромМашКомплект» ЖШС және «Railways Systems Holding» ЖШС компаниялары DB Engineering & Consulting компаниясымен екі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттар серіктестік қатынастарды дамытуға, инженерлік тәжірибе алмасуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға арналған.

«ПромМашКомплект» компаниясының пікірінше, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Германия арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны нығайтып, отандық машина жасау саласының экспорттық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.