19.01.2026
Қазақстан ЕАЭО елдері арасында өнеркәсіптік өндіріс өсімі бойынша көшбасшылардың біріне айналды

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) хабарлауынша, 2025 жылғы қаңтар–қараша айларында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,2%-ға артқан.

ЕЭК мәліметінше, өсім Одақ елдерінің басым бөлігінде байқалған. Көшбасшы — Қырғызстан, мұнда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 10%-ға өсті.

Екінші орында Қазақстан тұр: республикада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 7,4%-ға артқан. Одан кейін Армения — 1,2%, сондай-ақ Ресей — 1% өсім көрсетті.

Сонымен қатар, ЕЭК дерегіне сәйкес, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2,5%-ға ұлғайған.

Бұған дейін Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті ел экономикасына жыл сайын 38 миллиард АҚШ долларынан астам табыс әкелуге қабілетті екенін хабарлаған. Негізгі үлесті металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ машина жасау саласы қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, газ турбиналары, сорғылар мен жабдықтаушы арматура өндірісі ерекше рөл атқарады.

Электротехникалық сала да айрықша маңызға ие. Қазақстан үшін негізгі өткізу нарығы — Еуразиялық өңір, оған қосылған құны жоғары өнім жеткізілімдерінің 70%-ы тиесілі.


sputnik.kz