Алып экскаваторлар, карьерлік самосвалдар мен қуатты тиегіштер. Үш күн бойы Астана Қазақстаннан және басқа елдерден келген арнайы техника өндірушілері мен жеткізушілерінің басын қосқан алаңға айналды.
CMMEXPO Kazakhstan 2026 көрмесінде техниканың ең жаңа үлгілері таныстырылып, қашықтан басқарылатын модельдердің көрсетілімдері өткізіліп, өнеркәсіптік және құрылыс кәсіпорындарының өкілдерімен B2B кездесулері ұйымдастырылды.
Биыл көрмеге Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Оңтүстік Корея және басқа елдерден 100-ден астам компания қатысты. Қытай Халық Республикасы жеке павильон ұсынды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, қытайлық компаниялардың Қазақстан нарығына қызығушылық танытуы кездейсоқ емес. Өндірушілер техниканы жеткізіп қана қоймай, өндірісті жергіліктендіруге және технологияларды беруге де дайын.
ТАЛҒАТ БАЗАРБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАН МАШИНА ЖАСАУШЫЛАРЫНЫҢ ОДАҒЫ» ЗТБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қытайлық компаниялардың да Қазақстанмен белсенді жұмыс істеуге дайын екені қуантады. Олар елімізде өндірісті дамытып, өндірісті жергіліктендіруге және технологияларды беруге ниетті. Бұл біздің өндірушілеріміз үшін де маңызды. Өйткені техниканы сатып алу — бір мәселе, ал оны кейін күтіп ұстау қажет. Ол үшін қосалқы бөлшектер, тиісті құзыреттер және техниканы пайдалану дағдылары керек. Қытайлық компаниялардың технологияларымен бөлісуге және елімізде өндірісті дамытуға дайын болуы — алға жасалған үлкен қадам.
Көрмені ұйымдастырушылар қазақстандық бизнес арасында қазіргі таңда арнайы техниканың қай түрлеріне сұраныс жоғары екенін де атап өтті. Сұраныс бойынша бірінші орында — құрылыс техникасы. Одан кейін тау-кен өнеркәсібіне арналған жабдықтар, сондай-ақ коммуналдық және жол техникасы тұр.
АБЗАЛ ДҮЙСЕНОВ, CMMEXPO 2026 КӨРМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Биыл көрмеге келушілер негізінен құрылысқа арналған арнайы техникаға қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар біз тау-кен өнеркәсібі, коммуналдық техника және жол-коммуналдық техника бағыттарын да дамытып жатырмыз.
Дереккөз: astanatv.kz