30.07.2026
Автомобиль серіктестігінің берік көпірлері

Бірден бірнеше Ресей өңірі Қостанай облысының стратегиялық серіктестері саналады. Олармен бірлесіп өңір ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым және экономиканың басқа да салаларында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып отырған негізгі бағыттардың бірі – машина жасау, нақтырақ айтқанда, жүк автомобильдерін жасау өнеркәсібі.

Соның жарқын мысалы – «KamLitKZ» ЖШС. Бірлескен жоба аясында кәсіпорын жүк автомобильдерінің жетекші көпірлеріне арналған негізгі құрамдас бөлшектерді шығаруды жолға қойған. Кәсіпорын алаңында әлемдік деңгейдегі екі өндіріс іске қосылды: шойын құю зауыты және жетекші көпірлердің басты беріліс редукторларын өндіретін зауыт.

Екі кәсіпорын да Қостанай индустриялық аймағында бір-біріне жақын орналасқан. Мұндай орналасу өндірістердің өзара байланысына негізделген: алғашқысында жетекші көпірлердің корпустары шойыннан құйылса, екіншісінде олардың ішкі механизмдері өндіріледі.

Алғашқы болып 2024 жылы 30 мың шаршы метр аумақты алып жатқан шойын құю зауыты пайдалануға берілді. Оның құрылысына 78,2 млрд теңге инвестиция салынды. Зауыт жүк автомобильдеріне арналған үш негізгі өнімді – цилиндрлер блогын, цилиндрлер блогының бастиегін және жетекші көпір картерлерін сериялық түрде шығаруға жобаланған. Әр бөлшектің ондаған түрі өндіріледі.

Айта кету керек, Қостанайдағы бұл кәсіпорында Қазақстанда алғаш рет Нидерландта әзірленген COLD-BOX Amin өзекті технологиясы негізінде құю қалыптарын дайындау әдісі қолданылды. Бұл өндірушіге елеулі бәсекелестік артықшылық береді. Шойын құю зауытының өндірістік қуаты жылына 45 мың тонна құйма шығаруға мүмкіндік береді.

Екінші зауыт – жетекші көпірлердің басты беріліс редукторларын шығаратын кәсіпорын. Оның құрылысына 82,5 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Қостанай облысы кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, зауыт EMAG, Klingelnberg, MAG IAS (Германия), STARRAG (Германия/Швейцария) және FICEP (Италия) сияқты әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жарақталған. Бұл металл өңдеудің жоғары дәлдігін, өнімнің сенімділігін және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта құрамдас бөлшектердің пилоттық үлгілерін шығару басталды. Өндірісті әртараптандыру аясында жүк автомобильдеріне арналған дөңгелек күпшегі, фланецтер, муфта, артқы және алдыңғы жетекші көпірлердің редуктор картерлері өндірілмек. Екі зауыт та 49 өнеркәсіптік роботпен және сандық бағдарламалық басқаруы (CNC) бар технологиялық жабдықтармен жабдықталған.

«KamLitKZ» ЖШС-де жоғарыда аталған екі зауыт базасында жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба жетекші көпір арқалықтарын өндіруді жергіліктендіру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл жоба құйма арқалықтарды өндіру бойынша өндірістік операцияларды кеңейтуге және шығарылатын өнім түрлерін 11-ден 24 түрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы сыртқы сауда қызметіне келетін болсақ, Қостанай облысының сыртқы сауда айналымының 25%-дан астамы Ресей Федерациясының үлесіне тиесілі.

Қостанай облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Талғат Саламатов:

– Соңғы бес айдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы сауда айналымы шамамен 560 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аздаған өсімді көрсетеді. Жалпы алғанда, Қостанай облысы мен Ресей арасындағы серіктестік қатынастар өте ауқымды әрі өңір үшін аса маңызды.


Дереккөз: kazpravda.kz