Австрия билігі 2035 жылға дейінгі өнеркәсіптік стратегияны әзірледі. Бұл құжат деиндустриялану үдерісін тоқтатуға және елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған. Жасанды интеллект пен чиптерден бастап энергетика мен авиацияға дейінгі тоғыз негізгі технологияны қолдауға шамамен 2,6 миллиард еуро бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы республика канцлері ведомствосының хабарламасында айтылған.
«Алғаш рет тоғыз негізгі технология мен басым бағыттар айқындалды. Аталған технологияларға нысаналы инвестициялар салу үшін шамамен 2,6 миллиард еуро көлемінде бюджет бөлінді», — делінген хабарламада.
Аталған тоғыз негізгі технологияның қатарына мыналар енгізілді: жасанды интеллект және деректер саласындағы инновациялар; чиптер, электрондық компоненттер мен жүйелер; озық өндірістік технологиялар және робототехника; кванттық технологиялар мен фотоника; озық материалдар; өмір туралы ғылымдар және биотехнологиялар; энергетикалық және экологиялық технологиялар; мобильдік технологиялар; ғарыш және авиациялық технологиялар.
Сонымен қатар, Министрлер кеңесі бұл шешімді сейсенбі күні қабылдағаны атап өтілді. «Өнеркәсіптік стратегия – 2035 аясында федералдық үкімет әлеуметтік серіктестердің, өнеркәсіп өкілдерінің және көптеген сарапшылардың тығыз қатысуымен әзірленген, іске асыруға арналған ауқымды бағдарламаны ұсынды», — деп түсіндірді билік өкілдері.
Стратегия жеті негізгі бағыт бойынша топтастырылған 114 шараны қамтиды. Олардың қатарында ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдау, энергетиканы дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, кадрларды даярлау, сондай-ақ еуропалық және геосаяси сын-қатерлерді ескере отырып, экономиканың тұрақтылығын арттыру көзделген.
Австрия экономика министрі Вольфганг Хаттмансдорфердің айтуынша, өнеркәсіп елдегі әл-ауқат пен жұмыспен қамтудың негізгі тірегі болып қала береді, ал жаңа стратегия саланың құлдырауын тоқтатып, қайта индустрияландыру үдерісін бастауға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, 2035 жылға қарай Австрия өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша ЭЫДҰ-ға мүше елдердің алғашқы ондығына енуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: ria.ru