07.07.2026
Атырауда алып бағананы тасымалдау басталды

Өңірдегі мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаның бірі – «Силлено» полиэтилен зауытына арналған аса ірі технологиялық жабдықты тасымалдау басталды.

Отандық «АтырауНефтеМаш» ЖШС кәсіпорнында дайындалған этиленді бөлу бағанасы «Силлено» полиэтилен зауытының құрылыс алаңына жөнелтілді. Бұл полиэтилен өндірісінің негізгі шикізаты саналатын этиленді өндіру қондырғысының басты технологиялық жабдықтарының бірі.

Айта кетсек, бағананың биіктігі – 101,8 метр, яғни 30 қабатты тұрғын үйден де биік. Диаметрі – 7,5 метр, ал салмағы шамамен 1,5 мың тоннаны құрайды. Осындай алып жүкті тасымалдау үшін инженерлік тұрғыдан арнайы шешімдер қолданылып, жүктеменің жолға түсетін салмағы рұқсат етілген деңгейде сақталатындай жағдай жасалған. Бұл жол жабынының бүлінуіне жол бермейді.

Компанияның хабарлауынша, жабдықты тасымалдау барлық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып, күндізгі уақытта жүзеге асырылады.

–Шамамен бір аптаға созылатын тасымалдау барысында арнайы техника сағатына 2-4 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Бағыт «АтырауНефтеМаш» ЖШС зауытынан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы құрылыс алаңына дейін созылады. Маршрут уәкілетті мемлекеттік органдармен алдын-ала келісілген, — деді компания өкілі.

Арнайы техниканың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында маршрут бойында жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, қажет жерлерде жол құрылыстары күшейтіледі және айналма бағыттар ұйымдастырылады.

Осындай ауқымды әрі техникалық жағынан күрделі жабдықтың қазақстандық кәсіпорында дайындалуы жергілікті қамтуды дамытудағы маңызды жетістік деуге болады. Бұл отандық инженерлік және өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын айқындап, мұнай-газ химиясы саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысу үлесін кеңейтуге мүмкіндік береді.


Дереккөз: atr.kz