2026 жылғы 13 ақпанда Ерқанат Мақановтың төрағалығымен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында саланы дамыту мәселелері қаралып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді.
Ерқанат Маканов отырысты аша отырып, бірнеше күн бұрын «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының төрағасы және Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевпен өткен кездесу барысында машина жасау саласының ағымдағы жай-күйі талқыланғанын атап өтті.
«ҰКП машина жасау және металл өңдеу саласын дамыту бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмысты жалғастырып, саланың стратегиялық мәселелерін шешуге ықпал ететін болады», – деді Ерқанат Мақанов.
«Атамекен» ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп департаментінің басқарушы директоры – директоры Алмат Асқар Комитеттің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын таныстырды. Құжат Комитет мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып әзірленген және саланың өзекті мәселелерін жыл бойы төрт тоқсан аясында қарастыруды көздейді.
Негізгі бағыттардың қатарында – қазақстандық өндірушілер тізілімін және Ұлттық тауарлар каталогын енгізу, «Энергетика мен ТКШ-ны жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, АЭС құрылысы кезінде өндірісті жергіліктендіру мәселелері, реттелетін сатып алуларда отандық өндірушілермен жасалатын оффтейк-келісімшарттардың үлесін кемінде 10%-ға дейін жеткізу жөніндегі ҚР Президентінің тапсырмасын орындау, сондай-ақ Ұлттық өнеркәсіптік ақпараттық жүйені іске қосу және дамыту бар.
«Жоспар тәжірибеге бағытталған. 2026 жылдың наурыз айында тізілімді енгізу және өнеркәсіпті дамытуға бағытталған келісімшарттық тетіктер мәселелерін нақты қарастыру жоспарланып отыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың, оның ішінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету маңызды», – деп атап өтті Ерқанат Мақанов.
Талқылау қорытындысы бойынша Комитеттің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары дауысқа салынып, бекітілді.
Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде Қазақстан машина жасаушыларының одағы 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту қаралды. Оны Одақтың Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков таныстырды. Құжат 7 бөлімнен және 22 іс-шарадан тұрады және 2024–2028 жылдарға арналған ҚР машина жасауын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды, Машина жасаушылардың XII форумы қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдарды орындауды, Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметінің хаттамалық тапсырмаларын жүзеге асыруды, саланы стратегиялық дамыту мен өңірлік дамуды, Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумын және Kazakhstan Machinery Fair-2026 көрмесін дайындау мен өткізуді, халықаралық ынтымақтастықты және экспортты ілгерілетуді, сондай-ақ саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуді қамтиды.
«Жұмыс жоспары ауқымды әрі кешенді. Алдымызда 12 панельдік сессия өтетін Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумын өткізу міндеті тұр. Форумға тіркеу ашық, өңірлер мен салалық кәсіпорындардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету маңызды», – деді Ерқанат Мақанов.
Сондай-ақ отырыста Машина жасау және металл өңдеу комитетінің құрамын өзектендіру мәселесі қаралды. Қазіргі таңда Комитет құрамында 24 дауыс беру құқығы бар және 11 кеңесші дауыс құқығы бар мүше бар.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Қуаныш Бішімовтың жеке өтініші негізінде оны Комитет құрамынан шығару, сондай-ақ Комитет құрамына «KARLSKRONA LC AB» ЖШС бас директоры Талғат Алпысбаевты және «LocoSystems» ЖШС директоры Мақсат Қанатбаевты енгізу ұсынылды.
Ұсынылған кандидатуралар Комитет туралы ереженің талаптарына сәйкес келеді және түпкілікті бекіту үшін «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының қарауына жіберіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар 2026 жылы машина жасау және металл өңдеу саласын дамыту бағытында жүйелі және үйлестірілген жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.