2026 жылдың 26 маусымында Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқармасы төрағасының орынбасары Ерқанат Мақановтың төрағалығымен ҚР ҰКП «Атамекен» Президиумы жанындағы Машина жасау және металл өңдеу комитетінің отырысы өтті.
Отырыс барысында қатысушылар Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы мен Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесінің қорытындыларын, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асыру мәселелерін, сондай-ақ отандық өндірушілерді атом саласы жобаларына тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды қарастырды.
Қазақстан машина жасаушыларының одағы Атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков қатысушыларды 2–3 сәуір күндері Астанада өткен Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының нәтижелерімен таныстырды. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың, бизнестің, халықаралық ұйымдардың және әлемнің 20-дан астам елінен келген машина жасау кәсіпорындарының 1500-ден астам өкілі қатысты.
Форумның басты тақырыбы машина жасаудағы роботтандыру мен озық технологияларды енгізу болды. Іскерлік бағдарлама аясында өндірісті жергіліктендіру, цифрландыру, инвестиция тарту, кадр даярлау және ел ішіндегі құндылықты арттыру мәселелеріне арналған пленарлық сессия, панельдік пікірталастар және салалық секциялық отырыстар өтті.
Форум қорытындысы бойынша саланы дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленіп, оларды одан әрі пысықтау және іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданды. Ұсынымдар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, мүдделі мемлекеттік органдармен және ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді.
Kazakhstan Machinery Fair 2026 VII халықаралық мамандандырылған машина жасау және металл өңдеу көрмесі 250-ден астам экспоненттің біріктірді. Көрмеде Германия, Италия, Аустрия, Түркия, Қытай және басқа да 24 елдің өндірушілері өз өнімдерін таныстырды.
Жыл сайын көрмеге Қазақстаннан және шетелден келетін өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, жабдық өндірушілер мен салалық сарапшылар саны артып келеді.
Сонымен қатар қатысушылар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысын талқылады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ішкі құндылықты дамыту басқармасының басшысы Асхад Тілеубаев отандық тауар өндірушілердің жаңғырту жобаларына барынша қатысуын қамтамасыз ету, өндірісті жергіліктендіруді дамыту және сатып алудың цифрлық тетіктерін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Талқылау барысында «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-нің бас директоры, Комитет мүшесі Талғат Алпысбаев отандық кәсіпорындарды ЭКСЖ жобаларын іске асыруға кеңінен тарту, сұранысқа ие өнімдер тізбесін қалыптастыру, өндірістік кооперацияны дамыту және мемлекеттік органдар, тапсырыс берушілер мен өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ қатысушылар атом электр станциясын салу кезінде жергіліктендіруді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. ҚР Атом энергиясы агенттігінің Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Джансейтов атом саласына арналған өнім өндіруші отандық кәсіпорындардың тізілімін қалыптастыру, цифрлық платформаны құру және қазақстандық кәсіпорындарды атом энергетикасы жобаларына барынша тарту жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.
Отырыста «Самұрық-Қазына» сатып алуларындағы ел ішіндегі құндылықты дамыту шаралары да қаралды. «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-нің Тізілімдер және ішкі құндылықты дамыту департаментінің директоры Қайыржан Шахмардан «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының сатып алуларында ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынды.
Отырысқа қатысушылар ел ішіндегі құндылықты одан әрі дамыту, отандық өндірушілердің ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға қатысуын кеңейту, сондай-ақ өндірістік кооперацияны нығайту қазақстандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті.