15.09.2025
«Атамекен» Арбитраждық орталығы: дауларды тиімді шешу

Шаруашылық дауларды шешуде бизнеске қолдау көрсету мақсатында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» және ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы бірлесіп «Атамекен» Арбитраждық орталығын құрды. Арбитраждық орталық коммерциялық шарттардан туындайтын дауларды қарайды. Қазіргі уақытта Арбитраждық орталықтың жалғыз қатысушысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен».

Бүгінгі таңда Арбитраждық орталықта қазақстандық компаниялардың, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Испания, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Молдова, Польша, Ресей, Сейшел, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Африка Республикасы компанияларының қатысуымен 180-нен астам дау қаралды.

Арбитраждық орталықта дауды қараудың негізгі шарты – шартқа келесі арбитраждық ескертпені енгізу:

«Осы шарттан немесе онымен байланысты туындайтын барлық даулар, келіспеушіліктер немесе талаптар, оның ішінде шарттың бұзылуына, тоқтатылуына немесе жарамсыздығына қатысты даулар Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» Арбитраждық орталығында қолданыстағы Регламентке сәйкес түпкілікті шешімін табады». (Ескертпенің толық нұсқасымен www.aca.kz сайтынан танысуға болады).

Компаниялар үшін Арбитраждық орталықта дауды қараудың негізгі артықшылықтары:

1. Кәсіби және тәуелсіз арбитрлерді таңдау мүмкіндігі – тараптар үздік заңгерлер мен сарапшыларды өздері таңдай алады, бұл арбитрлердің негізделген әрі әділ шешім шығаруына кепіл болады. Арбитраж шешімдерінің заңды күші сот шешімдерімен тең.

2. Жылдам шешім шығару – орта есеппен қарау мерзімі талап арыз түскеннен кейін 3 айды құрайды. Арбитраж істерді бір инстанцияда қарайды (шағым мен кассациясыз).

3. Тараптардың ұсыныстарын ескеру – клиентке бағдарланған тәсіл арқылы тараптарға ыңғайлы жағдай жасалады және тұрақты ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі.

4. Мемлекеттік баждан үнемдеу – Арбитраждық орталықтағы алым сомасы соттағы мемлекеттік баждан төмен (сотта талап сомасына қарамастан әрқашан 3% құрайды).

5. Шетелде шешімдерді орындаудың жоғары тиімділігі – Нью-Йорк конвенциясына сәйкес, арбитраж шешімдерін 172 елде орындауға болады. Қазақстан бұл Конвенцияға қатысушы.

6. Құпиялық – арбитраждық іс қарау фактісі мен түпкілікті шешім үшінші тұлғаларға жария етілмейді. Бұл міндет «Арбитраж туралы» заңда бекітілген.

7. Арнайы арбитраж органын тағайындау – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің 2014 жылғы 11 қыркүйектегі хабарламасына сәйкес, Халықаралық сауда арбитражы жөніндегі Еуропалық конвенцияның 4-бабында көзделген функцияларды Арбитраждық орталық орындайды. Осыған байланысты, егер тараптар тұрақты арбитражға жүгінуді қарастырғанымен, нақты органды көрсетпесе немесе бұл жөнінде келісімге келе алмаса, Арбитраждық орталықтың басшысы Еуропалық конвенцияның (Женева, 1961 жылғы 21 сәуір) 4-бабына сәйкес белгілі бір арбитражды, соның ішінде «Атамекен» Арбитраждық орталығын тағайындай алады.

Қосымша ақпаратты Арбитраждық орталықтың ресми сайтынан www.aca.kz таба аласыз немесе телефон арқылы хабарласыңыз: +7 (747) 232 2005.