2026 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев машина жасау және көлік салаларын дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді көздейтін заңға қол қойды.
Бұл туралы Ақорданың Telegram-арнасында хабарланды.
«Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасау және көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.
Заң нормалары машина жасау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, авиация саласындағы құқықтық реттеуді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, сондай-ақ көлік саласындағы мемлекеттік органдар қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған.
Құжатпен екі кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Машина жасау саласын дамыту аясында қабылданған түзетулер отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін күшейтуге және өндірістің технологиялық үдерістерін жетілдіруге бағытталған.
Атап айтқанда, заңға өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізуге қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.
Бұл индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің жобаларды бірлесіп іске асыруына, сондай-ақ логистика, инфрақұрылым және кадр мәселелері сияқты салаға ортақ түйткілдерді бірлесіп шешуіне ынталандырады.
Сонымен қатар заңда арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер де қарастырылған.
Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу. Олар өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды салу кезеңінде қазақстандық тауарларды пайдалануды, сондай-ақ өндіріс барысында отандық шикізат пен материалдарды қолдануды көздейді.
Түзетулердің тағы бір бөлігі көлік құралдарының компоненттерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге қатысты.
Бұл норма Қазақстанда өндірілген көлік құралдарының шассилерін міндетті түрде пайдалану арқылы автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында енгізіліп отыр.
Бұдан бөлек, заңда өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігі енгізіледі. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етіп отырған қолданыстағы өндірістер болған жағдайда жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге жол бермеуге мүмкіндік береді.
Авиация саласына қатысты түзетулер Қазақстан әуе кемелерінің шет мемлекеттердің әуе кеңістігінде ұшуын құқықтық тұрғыдан реттеуді, сондай-ақ ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) стандарттарына сәйкес әуе компанияларына Қазақстан заңнамасының жекелеген талаптарынан уақытша босату тетігін енгізуді көздейді.
Аталған өзгерістердің негізгі мақсаты – Халықаралық авиациялық қауіпсіздік бағалауынан (IASA) өту арқылы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүмкіндік жасау.
Дереккөз: zakon.kz