01.04.2026
Астанада VII халықаралық Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесі ашылды

«EXPO» халықаралық көрме орталығында машина жасау және металл өңдеу саласына арналған VII халықаралық мамандандырылған Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесінің ресми ашылуы өтті. Ашылу салтанатына Қазақстан машина жасаушыларының одағы Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев қатысты.

Салтанатты жиында Мейрам Пішембаев бүгінгі таңда Kazakhstan Machinery Fair тек жабдықтар көрмесі ғана емес, өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртудың нақты алаңына айналғанын атап өтті.

«Мұнда тікелей кездесулер өтіп, жобалар талқыланады және ең бастысы – озық технологиялармен танысу жүзеге асады. Біз үшін мұндай алаңдардың станок жасау саласынан бастап автоматтандыру мен роботтандыруға дейінгі жаңа технологиялардың Қазақстанға ену нүктесіне айналуы аса маңызды», - деді ол.


Ашылу аясында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев сөз сөйледі. Ол мемлекеттік саясаттың басым бағыты саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық кооперацияны кеңейту болып қала беретінін атап өтті.

«Kazakhstan Machinery Fair көрмесі іскерлік байланыстарды нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және отандық өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілетуге тиімді алаң болады деп сенемін», - деді министр.


Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруді тереңдету, заманауи технологияларды енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Ол сондай-ақ машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі ретінде тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта салада 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, онда шамамен 130 мың адам еңбек етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 18%-ға өсіп, 6 трлн теңгеге жетті.

Көрме жыл сайын өткізіледі және дәстүрлі түрде Қазақстан машина жасаушыларының форумымен қатар ұйымдастырылып, саланы дамыту мәселелерін талқылау мен заманауи технологиялық шешімдерді таныстыруға арналған бірыңғай іскерлік алаң қалыптастырады.

2026 жылғы 2–3 сәуірде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтеді. Форум – мемлекет пен бизнес арасындағы негізгі диалог алаңы болып табылады, онда машина жасау саласы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты стратегиялық көзқарас қалыптастырылады. Іс-шара аясында мемлекеттік өнеркәсіп саясатының тетіктері, импортты алмастыруды ынталандыру, технологиялық жаңғырту және отандық өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланады.

Көрме аясында 10 000 шаршы метрден астам алаңда 24 елден келген 280-нен астам компания өз өнімдері мен шешімдерін ұсынады. Қатысушылар машина жасау, металл өңдеу, өндірістік процестерді автоматтандыру және инженерлік жаңғырту салаларындағы кең ауқымды шешімдерді таныстыруда.