Металды дәнекерлейтін роботтар, «ақылды» станоктар және егістікке бірден шығуға дайын техника. Астанада ірі өнеркәсіптік көрме өз жұмысын бастады. Мұнда металл өңдеуден бастап логистикаға дейінгі жүздеген заманауи шешім ұсынылған. Биыл көрме ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны айтарлықтай артты. Бүгінгі технологиялардың ерекшеліктері туралы 24KZ телеарнасының тілшісі баяндады.
Көрме орталығы уақытша болашақтың зауытына айналды. Мұнда заманауи техника, станоктар мен автоматтандырылған өндірістік желілер қойылған. Өз әзірлемелерін әлемнің 19 елінен келген 250-ден астам компания ұсынды.
Ең көп назар аудартқан экспонаттардың бірі – қазақстандық инженерлер әзірлеген дәнекерлеуші робот. Ол алдын ала белгіленген траектория бойынша қозғалып, жоғары дәлдікпен дәнекерлеу жұмыстарын орындайды. Ең бастысы – онымен арнайы дайындықтан өтпеген маман да жұмыс істей алады. Бұл шешім әсіресе кадр тапшылығы байқалатын кәсіпорындар үшін өзекті.
Инжинирингтік компанияның басшысы Ақылбек Илиуф:
– Қазақстанда ұсақ сериялы өнім шығаратын кәсіпорындар көп. Яғни олар өнімнің көптеген түрін аз көлемде өндіреді. Осындай кәсіпорындар үшін бағдарламалауды қажет етпейтін шешім әзірледік. Мысалы, түзу тігісті дәнекерлеу қажет болса, біз тек нүктелерді қолмен көрсетіп, батырманы басамыз, содан кейін робот жұмысты өзі орындайды.
Көрмеде нақты секторға арналған техника да ұсынылған. Соның ішінде Қостанайда құрастырылатын тракторлар бар. Бұл техниканы қазақстандық диқандар жақсы біледі. Өндірушілер үшін көрме тек өнімді таныстыратын алаң ғана емес, жаңа серіктестер табудың тиімді мүмкіндігі саналады.
Машина жасау зауытының өкілі Виктор Ромаданов:
– Біз қуаты 36 ат күшінен бастап 212 ат күшіне дейінгі тракторларды шығарамыз. Бұл техникаға қызығушылық танытатын тұтынушылар көрмеде келіп, оны жан-жақты көріп, таныса алады. Зауытқа бармай-ақ, барлық мүмкіндігін осында бағалай алады.
Мұндай көрмелерге деген қызығушылық саланың дамуымен қатар артып келеді. Бүгінде машина жасау – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Қазақстанда 4 мыңнан астам машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. Өндіріс көлемі де тұрақты өсіп келеді. Өткен жылы оның көлемі 6 триллион теңгеге жетті.
«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев:
– Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы машина жасау саласының көшбасшысы. Алдағы уақытта біздің экспорт тек Орталық Азиямен шектелмей, көрші елдерді, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа нарықтарын да қамтуы тиіс. Бұған нақты мысалдар бар. Мәселен, Германия компаниялары біздің кәсіпорындарда шығарылған доңғалақ жұптарын сатып алып жатыр.
Ендігі негізгі міндет – жаңа нарықтарға шығу. Ал мұндай көрмелер өндірушілердің, тапсырыс берушілердің және инвесторлардың басын қосып, жаңа жобалар бойынша келісімдер жасауға және өзара ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: