02.04.2026
Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өз жұмысын бастады

Бүгін Астанада Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының ашылуы өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылардың хабарлауынша, форум — саланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға арналған мемлекет пен бизнес арасындағы басты диалог алаңы.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков алғы сөз сөйлеп, машина жасау саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып қала беретінін және өңдеу өнеркәсібінің шамамен 20%-ын қалыптастыратынын атап өтті.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша сала тұрақты оң динамика көрсетті: өндіріс көлемі шамамен 18%-ға өсіп, 5,7 трлн теңгеден асты. Өсімге автомобиль жасау, теміржол және электротехникалық машина жасау сияқты бағыттар елеулі үлес қосты», — деді Олжас Сапарбеков.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында өндірісті жергіліктендіруді тереңдетуге, заманауи технологияларды енгізуге және құрамдас бөлшектер өндірісін дамытуға ерекше назар аударылуда. Басым бағыттар қатарында отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелері қала береді.

Аталған мәселелер «Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру» тақырыбындағы панельдік сессия барысында жалғасын тапты. Онда саланың одан әрі өсуінің негізгі бағыттары айқындалды. Сессия модераторы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев болды.

Талқылау барысында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқаны атап өтілді. Салықтық жеңілдіктер, преференциялар және индустриялық аймақтарды дамыту секілді мемлекеттік қолдау шаралары капитал салымдарының өсуіне ықпал етуде.

Қатысушылар қаржылық қолдау тетіктерімен қатар технологиялық дамудың — білім трансфері, инженерлік орталықтар құру және білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ұзақ мерзімді нәтиже тек қаржылық инвестициялар арқылы ғана емес, технологиялық базаны дамыту есебінен де қамтамасыз етіледі. Ортақ жұмысқа дайын технологиялар мен серіктестерді тарту маңызды. Бұл білім трансферін, ғылыми-зерттеу және конструкторлық орталықтар құруды, күрделі жабдық өндірісін жергіліктендіруді және мамандар даярлауды қамтиды», — деді Азат Перуашев.

Қатысушылар сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, цифрлық платформаларды дамыту және бірыңғай өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыру мәселелерін талқылады. Ынталандыру құралдары ретінде ұзақ мерзімді және оффтейк-келісімшарттар, ел ішіндегі құндылықты дамыту, сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогы мен қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі қарастырылды.

Сессия аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті: машина жасау саласының дамуына қосқан үлесі үшін 20 еңбек сіңірген қызметкер «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды. Марапаттарды табыстау кәсіпорын басшылары мен жұмысшы мамандықтары өкілдерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің символына айналды.

Форум екі күн бойы өтіп, 1000-нан астам қатысушыны, оның ішінде 20-дан астам елден келген 100-ден астам шетелдік делегатты біріктірді. Негізгі назарда — өнеркәсіптік саясат, цифрландыру, роботтандыру және инвестициялар тарту мәселелері.

3 сәуірде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен пленарлық отырыс жоспарланған. Онда Digital Qazaqstan стратегиясы аясындағы роботтандыруды дамыту және саланың алдағы басым бағыттары қарастырылады.

Форум аясында 1–3 сәуір аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында VII Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрме 10 000 шаршы метрден астам аумақта 24 елден келген 280-нен астам компанияны біріктірді.

Форум ұйымдастырушылары: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Қазақстан машина жасаушыларының одағы.

Бас серіктестер: «Теңізшевройл» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Атамекен» ҰКП.

Ресми серіктестер: «Астана-Экспо КС» көрме компаниясы, Eurasian Resources Group, «Railways System KZ» ЖШС, Allur компаниялар тобы, Astana Motors.

Серіктестер: «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ, Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қайнар – АКБ» ЖШС.

Дереккөз: nur.kz