Машина жасау саласы өзге салалармен салыстырғанда ең жоғары өсім қарқынын көрсеткен бағыттардың біріне айналды. Бұл елде күрделі әрі технологиялық өндірістердің күшейіп келе жатқанын айқын көрсетеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сандарға сүйенсек, машина жасау саласы бірден 21,9%-ға өсті. Әсіресе автомобиль жасау өндірісінің 29,6%-ға, ал электр жабдықтарын өндіру көлемінің 31,3%-ға артуы назар аудартады.
ҚАО мен Ұлттық статистика бюросы сарапшыларының деректеріне сәйкес, 2025 жылы жаңа автокөліктер нарығы 14,4%-ға өсіп, қатарынан екінші жыл 200 мыңнан астам сатылған автокөлік көрсеткішінен асты. Оның ішінде отандық өндірістегі автокөліктердің үлесі 69%-ды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, күрделі технологиялық өндірістердің дамуы экономикаға ұзақ мерзімді әсер етеді. Өйткені олардың есебінен жаңа жұмыс орындары құрылып қана қоймай, қосалқы бөлшектер өндірісіне, логистика мен сервистік қызметтерге сұраныс қалыптасады. Сонымен қатар бұл экономиканың шикізаттық моделінен біртіндеп алыстап келе жатқанын көрсетеді.
Сондықтан республика қол жеткізілген нәтижелермен тоқтап қалмайды. Мәселен, 2026 жылғы 2 сәуірде өткен Қазақстан машина жасаушыларының форумында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев машина жасау саласын қолдау шараларын қайта қарау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, машина жасауды дамыту мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге арналған заң жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қаралуда.
– Қазіргі уақытта қолдау құралдары қайта қаралуда. Мемлекет жобаның өңдеу тереңдігіне, ауқымына және қаржылық-экономикалық параметрлеріне қарай мақсатты түрде ұсынылатын құралдар жиынтығын әзірлеуде, – деді Панбаев.
Жобалардың ауқымына қатысты дәл осы форумда Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстан аумағында автокомпоненттер өндірісіне ірі кореялық және америкалық компаниялардың қызығушылық танытып отырғанын айтып, бірқатар маңызды деректермен бөлісті.
Салыстыру үшін: 2000 жылдардың басында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың құрылымында 75%-ы мұнай-газ және металлургия секторларына бағытталса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 30–35%-ға дейін төмендеді. Ал инвестициялық ағын бағытын өзгертіп, оның ішінде машина жасау саласына белсенді түрде бағыттала бастады. Бұдан бөлек, бүгінде аталған секторда 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді, бұл үрдісті вице-министр оң динамика ретінде бағалады.
Бұған дейін америкалық және кореялық компаниялар арасында ниеттер туралы келісімге қол қойылғаны атап өтілді. Күтіліп отырғандай, егер Қазақстанда алюминий дискілерін өндіру жергіліктендірілсе, олар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және отандық машина жасау үшін өзге де бөлшектер шығаруға қызығушылық танытуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2027 жылға қарай металл өнімдерінің сұрыпталымы екі есеге дейін ұлғаюы ықтимал.
– Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация мен кластерлеу дамып келеді, қолданыстағы кәсіпорындарда өнімдерді пайдалану аясы кеңеюде. Қазірдің өзінде болаттың жекелеген түрлері автомобиль жасауда қолданылуда, – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Айта кетейік, елдің жетекші автокөлік өндірушісі ретінде 22 жылдан бері саланы жүйелі түрде дамытып келе жатқан Allur компаниясы саналады. Компания Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Skoda, Geely Galaxy және Li Auto сияқты танымал бендтердің ресми дистрибьюторы және дилері болып табылады.
Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы зауыт 92 мыңнан астам автокөлік шығарды. Қазақстан нарығындағы Allur үлесі 54%-ды құрап, кәсіпорынның елдегі негізгі индустриялық драйверлердің бірі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Сонымен қатар, өткен 2025 жылы кәсіпорын модельдік желісін кеңейтті: Jetour X70 PLUS кроссоверінің шағын тораптық сериялық өндірісі, сондай-ақ республика аумағында шығарылған алғашқы гибридті автокөлік – Geely Galaxy EX5 EM-i гибридті моделінің өндірісі іске қосылды.
Ал жаңа жылдың наурыз айында компания тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті – Қазақстан нарығында MG (Morris Garages) автокөліктерін жергілікті өндіру мен сатуды бастау туралы хабарлады.
Бұл жобаның жүзеге асырылуы Allur мен Қытайдың ірі автомобиль өндіруші корпорациясы әрі әлемдік саланың көшбасшыларының бірі SAIC Motor арасындағы стратегиялық әріптестіктің жалғасы болды. Ынтымақтастықты бастау туралы келісім 2025 жылы Шанхайда өткен XXI халықаралық автосалон аясында жасалып, тараптар Қазақстанда MG брендін дамыту және өндірісті жергіліктендіру жөнінде уағдаласты.
Жақында, сәуір айының басында Алматы қаласында MG Allur жаңа дилерлік орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Қытайдан мәртебелі қонақтар келді.
Жаңа дилерлік орталық MG брендінің жаһандық стандарттарына толық сәйкес келетін заманауи кеңістік болып табылады. Шоурум клиенттерге модельдік қатармен танысудан және тест-драйвтан бастап, сервистік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсетуге дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынады. Орталық клиенттік тәжірибенің сапасын арттырып, қазақстандық тұтынушылар үшін MG автокөліктерінің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Allur компаниясы Қазақстандағы брендтің ресми дистрибьюторы әрі өндірістік серіктесі ретінде Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Семей, Көкшетау және Ақтөбе қалаларында орналасқан 10 дилерлік орталықтан тұратын желіні дамытып келеді.
Жыл соңына дейін дилерлік желіні 24 орталыққа дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Дереккөз: zakon.kz