28.05.2026
Ардагерлер «Квант» зауытының жұмысымен танысты

Қоғамдық ұйымдар өкілдері мен аймақ ардагерлері «Квант» механикалық зауытында болды.   

Механикалық зауыт бүгінде  кез-келген металл бөлшектерін өңдейді, оттегі мен азот өндіреді,электр жабдықтарын жөндейді және су үнемдеу құрылғыларын, соның ішінде су мұнарасын да шығарады. Өз жұмысын заманауи талаптарға сай ұйымдастырып отырған кәсіпорын жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Зауытта үш үлкен цех бар. Мұнда елуден астам адам жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, аталған кәсіпорын коронавирус пандемиясы кезінде маңызды рөл атқарды. Зауыт тәулік бойы медициналық мекемелерді оттегімен  қамтамасыз еткен.   

Мамандардың айтуынша, суды үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы артқан сайын механикалық зауыт өнімдеріне сұраныс көбейе түседі. Болашақта электр жөндеу цехы базасында электр қозғалтқыштары өндірісін ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ,мемлекет тарапынан жоспарлы тапсырыс болса металл бұйымдарын өндіруге арналған бұйымдарды әзірлеу жоспарланып отыр.



Дереккөз: qyzylordatv.kz