Қазақстан машина жасаушыларының одағы мүшесі «Maker» (KLMZ) ЖШС базасында машина жасау бойынша II Республикалық олимпиаданың финалы өтті.
Іс-шараны «Maker» (KLMZ) ЖШС және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар қатысты. Жоба болашақ кадрларды анықтауға және машина жасау мамандығын насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды.
Олимпиаданың финалына Одақтың атқарушы директоры орынбасары Арман Ғалымов бастаған делегация қатысты. Бұл – Одақтың болашақ кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлетіндігінің айқыны.
Бірінші кезең 8 қыркүйекте онлайн-форматта өтті. Оған еліміздің әртүрлі өңірінен 137 қатысушы қатысып, олардың ішінен 14 үздік финалға жолдама алды.
Іс-шараның маңыздылығы туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей айтты:
«Технологтар, инженерлер, конструкторлар – экономиканың негізі. Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор, себебі Қарағанды – Қазақстанның индустриалды жүрегі, мұнда өңір ЖІӨ-нің 40%-ы өндіріс пен өнеркәсіпке тиесілі. Машина жасау бұл жерде ерекше орын алады. Соңғы жылдары облыста ірі габаритті техниканы жинаудан бастап тұрмыстық техниканы шығаруға дейін көптеген машина жасау нысандары іске қосылды. Мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің экономикалық құрылымын нығайтады. Бірақ бұл өзгерістердің басты қозғаушы күші – адамдар. Ал бүгінгі олимпиада қатысушылары саланың болашағын бейнелейді, себебі ертеңгі күн осы мамандық өкілдерінің қолында».
Финалистерге алғысөз арнаған «Maker» (KLMZ) ЖШС Басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов жастарға сенім мен табандылық тіледі:
«Бұл идея пайда болған кезде бізде күмән болды: оның жалғасы бола ма, мұндай олимпиадаға сұраныс бар ма, машина жасаушы болғысы келетін балалар табыла ма? Сөйтсек, ондай балалар өте көп екен. Олар дарынды, болашағы зор, көреген жастар. Машина жасау Қазақстан өнеркәсібінің барлық саласында барған сайын лайықты орын алып келеді».
Финалға өткендер кешенді тапсырмаларды орындады – блиц-сұрақтарға жауап беру, бөлшектердің эскизін жасау, дәнекерлеу, тораптарды жинау және басқару бағдарламасын әзірлеу. Қазылар алқасы тәуелсіз сарапшылардан құралды, оның құрамына ҚарТУ оқытушылары мен зауыт мамандары кірді.
Олимпиада жеңімпаздары:
Николай Березко (Петропавл қ., Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі, 4 курс ) – 4 жылдық оқу гранты;
Ағыбай Думанұлы (Балқаш қ., «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, 4 курс ) – 1 жылдық грант;
Мерей Ноғайбаева (Шымкент қ., физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, 12 сынып ) – MacBook ноутбугы.
Олимпиаданың мақсаты – машина жасау мамандықтарын насихаттау, дарынды жастарды анықтау және кадрлық резерв қалыптастыру, дуальды білім беру жүйесін нығайту, Қазақстандағы білім беру ұйымдарының беделін арттыру.
Қазақстан машина жасаушыларының одағында мұндай бастамалар жас мамандардың кәсіби ойлау қабілетін қалыптастыруға ықпал ететінін, сондай-ақ оларды машина жасау саласының өндірістік үдерістеріне интеграциялауға жағдай жасайтынын атап өтті.